Елімізде үкіметтік емес ұйымдарға қандай қолдау шаралары жасалуда

АСТАНА. ҚазАқпарат -  Елімізде үкіметтік емес ұйымдар үшін қандай қолдау шаралары жасалуда? Сондай-ақ мемлекеттік органдармен олардың қарым-қатынасы қай деңгейде? «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нұрлан Өтешев осы сауалдар бойынша сұхбат берген еді.
None
None

- Нұрлан Сүлейменұлы, биылғы мемлекеттік гранттарға 1 млрд теңгеге дейінгі қаражат бөлінді. Қазіргі таңда осы саладағы жағдайды сипаттап берсеңіз?

-  Расымен, біз қаңтар айында 1 млрд теңгеге дейінгі қаражат көлемін құрайтын 86 грантқа конкурс жариялап,  үлкен бастама бастадық. Өкінішке орай, жобалардың бір бөлігі бойынша ҮЕҰ белсенділігі төмен болғандықтан конкурс өткізілмеді. Кейбір грант тақырыптары бойынша өтінімдер мүлдем түспеді. Ал, жобалардың бір бөлігі«Астана Банкі» АҚ-да орын алған жағдайға байланысты тоқтатылды.

Сонымен қатар, бір жоба толығымен іске асырылып болды, 20 жобаның бірінші кезеңі жүзеге асырылып жатыр.  

- Бізге белгілі болғандай, «Global Challenges Summit» Астана экономикалық форумының аясында алғаш рет «Азаматтық қоғамның болашағы. Жаңа азаматтық белсенділік» панельді сессиясы өткен болатын. Аталмыш сессия қалай өтті, оның өзге сессиялардан айырмашылығы неде және оның қатысушылары қандай қорытынды жасады?

- Иә, сол кездегі Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, қазіргі Қазақстан Республикасы қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен алғаш рет АЭФ аясында  «Азаматтық қоғамның болашағы. Жаңа азаматтық белсенділік» панельді сессиясы өтті. Алаңды «Қазақстанның заманауи азаматтық қоғамының ағымдағы жағдайына және даму келешектеріне шолу жасау» тақырыбындағы мемлекеттік грант аясында «Eurasian Expert Council» ҚҚ ұйымдастырды. Сссия жұмысына үкіметтік емес ұйымдар және мемлекеттік органдар, саясаттанушылар, дипломаттар, жақын және алыс шетелдерден шамамен 178-ге жуық өкіл қатысты. Басқосуда ҮЕҰ, әлеуметтік кәсіпкерлік дамуының заманауи трендтерін, азаматтық белсенділік формаларын талқылады. Сондай-ақ, азаматтық қоғам саласындағы іске асырылған инновациялық жобалар және үздік тәжірибелерге  арналған интерактивті көрме өткізілді.

- Жүзеге асырылып жатқан басқа жобалар туралы толығырақ айта аласыз ба, олар қандай мақсатты топтарға бағытталған?

-Мен атап кеткендей 21 жоба іске асырылу барысында. Барлық жобалар әлеуметтік бағыттарды қамтиды және түрлі топтарға бағытталған.

Мамыр айынан бастап 8 облыста және  Астана қаласында 9 азаматтық орталық қызметі ұйымдастырылды. Оларың негізгі міндеті үкіметтік емес ұйымдарға, бастамашыл топтарға және азаматтық белсенділерге арналған кеңес беру, әдістемелік және білім берудің сапалы қызметін көрсету саласында барлық өңірлерде әрекет ететін ҮЕҰ қолдайтын ақпараттық-ресурстық орталықтардың қызметін нығайту және әлеуетін арттыру болып табылады.

Мысалы, «КАМЕДА» ҚҚ «Жалғыз терезе» қағидаты бойынша үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсетуге арналған республикалық азаматтық орталығының қызметін ұйымдастыру мен дамыту» жобасын іске асыруда. «Жалғыз терезе» қағидаты бойынша үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсетуге арналған азаматтық орталықтарды ұйымдастыру мен дамыту» жобасы бойынша Алматы, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарында өңірлік азаматтық орталықтар қызметі іске қосылды.  

- Яғни, кез келеген ҮЕҰ кеңес алу үшін аталмыш азаматтық орталықтарға баруына болады ма?

- Өте дұрыс. Азаматтық орталықтар ҮЕҰ-ға консультациялық, әдістемелік, білім беру және ҮЕҰ қызметі мен құру мәселелері бойынша басқа да қызметтерді, соның ішінде дерекқор, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, мемлекеттік гранттар мен сыйлықақылар, қоғамдық кеңестер, «Атамекен» бағдарламасы және ҮЕҰ-ға арналған басқа да мүмкіншіліктер бойынша қызметтер көрсетеді.

- Жүзеге асырылып жатқан жобалар арасында адам құқықтарын қорғауға бағытталған жобалар бар ма? Осы туралы айта кетсеңіз. 

-Ондай жобалар бар. «Европалық құқық және адам құқығы институты» ЖҚ «Қоғамның құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасын қалыптастыру» жобасы аясында 4 қала және батыс өңірлерінің (Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Орал) аудан орталықтарындағы ХҚКО-да халыққа құқықтық қызмет көрсету бойынша 4 құқықтық қызмет пен көмек орталығы ашылды. Отбасылық-тұрмыстық сипаттағы, еңбек қатынастары, тұрғын үй мәселелері бойынша барлығы 173 кеңес көрсетілді (https://eurolaw.kz/?p=201#more-201).  

«Азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша ҮЕҰ мен мемлекеттік органдардың өзара әрекеттесу деңгейін жоғарылату» гранты аясында «Еуразиялық құқық қорғаушы орталығы» ЖҚ әлеуметтік-осал топтардың құқықтық сауаттылықтарын арттыру, бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге азаматтарға жәрдемдесу және әділдікті орнату мақсатында Қостанай және Көкшетау қалаларында 2 семинар-тренинг өткізді. Сондай-ақ, аталған ұйым қордың ресми сайтындағы «Сұрақ/жауап» бөлімінде онлайн кеңестер жүргізеді (https://ehrc.kz/vopros-otvet).

«Шырақ» мүгедек әйелдер қауымдастығы» ҚБ «Мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын ілгерлету үшін ұлттық құқық қорғау институттарының мүмкіндіктерін нығайту» гранттық жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарының сақталу тәжірибесін талдау үшін сауалнама өткізді (https://www.shyrak.kz/home/derzhim-ruku-na-pulse-kak-zhivut-lyudi-s-ogranichennymi-vozmozhnostyami-v-kazahstane/). Сондай-ақ, аталған қоғамдық бірлестік мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтары аясында ұлттық заңнаманың мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын ілгерілетуге қатысты халықаралық құжаттар мен тәжірибелер бойынша және мүгедектердің құқықтары туралы БҰҰ Конвенциясымен сәйкестігін зерделеу үшін зерттеу жүргізді. Жобаны іске асыру аяқталар тұста мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын жүзеге асыру саласындағы жағдайды жақсартуға қажетті шаралар кешені әзірленетін болады. Олармен біздің сайттан танысса аласыздар (cisc.kz).  

- Жыл сайын мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ өзара әрекеттесу деңгейі жоғарылауда. Бұл бағыт гранттарда қарастырылған ба?

- Биылғы жылы «Мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың өзара әрекеттесу деңгейін арттыру» жобасы жүзеге асырылып келеді. Бұл жоба бойынша грант иегері «Тринта» ЖҚ болып табылады.

Жоба аясында түрлі материалдар жарияланған (кітаптар, әдістемелер, бейне сабақтар, вебинарлар мен жария пікірталастар, жадынамалар, таныстырылымдар, мақалалар және т.б.) мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ-дың (азаматтық қоғам) өзара әрекеттесу мәселелері  бойынша электронды кітапхана жасалды. «Тринта» ЖҚ Өскемен, Алматы, Тараз, Қызылорда, Ақтау қалаларында «Мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ-дың өзара байланысы: не тиімді, қандай өзгерістер керек?» деген тақырыпта пікірталас алаңдарын өткізді.  Сонымен қатар, қор барлық қызығушылық танытқан тараптарға кеңестік және ақпараттық-әдістемелік сүйемелдеу қызметін көрсетті. 

- Қазіргі таңда еріктілер қызметі кеңінен тараған. 2017 жылы мемлекеттік гранттың қолдауымен Еріктілер ұйымдарының картасы әзірленді ме?  Еріктілерге немесе ерікті болғысы келетіндер үшін қандай да жаңалықтар бар ма?

- Иә, әрине. Бұл - «Ұлттық еріктілер желісі» қауымдастық түріндегі ЗТБ жүзеге асырып жатқан еріктілер әрекетін дамыту үшін ақпараттық қызметті құруға бағытталған жоба.  Жоба аясында елімізде еріктілер қызметін үйлестіру бойынша қазақ және орыс тілдерінде функционалды онлайн-платформасын құру және «Атамекен» ішкі бағдарламасы аясында Еріктілер корпусының өнірлік орталықтарының қызметін ақпараттық сүйемелдеу бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді. Аталмыш жүйе бірнеше сала бойынша жұмыс жасайтын болады. Қолданушы еріктілер (волонтер) ұйымы ретінде тіркеле алады. Егер ерікті ретінде тіркелген жағдайда, еріктілер қажет етілетін барлық жобаларды көруге болады. Ал, еріктілер ұйымдары осы платформадан өздерінің жобаларына еріктілерді таба алады. Платформа сайт түрінде декстоптарда және қосымша түрінде сматрфондарда да қолжетімді болады.

- Жобалар бойынша қазіргі жағдай қандай? Жаңа конкурстар өткізіліп жатыр ма және қандай жаңа жобаларды күтуімізге болады?

- Иә, қазіргі уақытта үшінші конкурс аяқталды. 13 тамыз күні конкурстық комиссия отырысы өтті. Конкурстық комиссия шешімінің нәтижелерімен біздің сайттан таныс бола аласыздар.

- АБҚО-нан қандай да бір жаңашылдық күту керек пе?

- Әрине. Біз гранттық қаржыландыру процесін оңтайландыру бойынша жұмыстар жасалып жатыр. Онлайн-порталы арқылы өтінім беру мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Сонымен қатар, заңнамалық жаңалықтардың бірі жергілікті атқарушы органдардың оператор арқылы гранттарды ұсынуы болып табылады.  Сондықтан да,  болашақта жергілікті аймақтық ҮЕҰ-да гранттарды ұсынуға арналған өңірлік конкурстарға қатысу мүмкіндігі болады.

Сұхбатыңызға рахмет!

Фото: presidentlibrary.kz

Соңғы жаңалықтар