Елімізде ұлттық жобаларды орындау үшін келісімшарт бойынша жұмыскерлерді тарту қағидалары айқындалмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат – Jibek Joly телеарнасындағы «Жаңа уақыт» бағдарламасына сұхбат берген Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Азамат Жолманов келісімшарт бойынша қызметкерлер институтының мемлекеттік қызметшілерден қандай айырмашылығы бар екенін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елімізде ұлттық жобаларды орындау үшін келісімшарт бойынша жұмыскерлерді тарту қағидалары айқындалмақ

«Ең алдымен жеке сектордан мемлекеттік қызметке келген адам мемлекеттік қызметші мәртебесін алатынын түсіну керек. Яғни, егер ол департамент директорының лауазымына орналасса, онда ол барлық құқығы, міндеттері, жауапкершілігі және тиісті жеңілдіктері бар мемлекеттік қызметкер саналады. Келісімшарт бойынша еңбек ететін қызметкерлер - бұл басқа институт. Ол мемлекеттік қызметші болып есептелмейді. Ол Үкімет айқындайтын белгілі бір ұлттық немесе өзге де жобаны іске асыру үшін ғана бір жылға тартылады», - деді Азамат Жолманов.

Оның айтуынша, мұндай жобаларды іске асыру үшін мемлекеттік қызметке келісімшарт бойынша жұмыскерлерді тарту ережесі Үкімет қаулысымен бекітіледі. Қазір аталған жоба мемлекеттік органдармен келісіліп жатыр.

«Бізде әртүрлі қажеттіліктер бар екенін түсіну керек. Мысалы, гидромелиорациямен байланысты жоба. Онда техникалық-экономикалық негіздеме, техникалық тапсырма жазу қажет. Дегенмен мемлекеттік органдарда бұл тақырыпты терең түсінетін мамандар жоқ. Егер бұрын қандай да бір батыстық консалтингтік компанияны тарту немесе мемлекеттік сатып алуды жүргізу қажет болса, енді біз мұның бәрін жеңілдеттік. Мемлекеттік орган енді мұндай қызмет саласын білетін Қазақстан азаматын таба алады. 30 жыл ішінде әртүрлі мәселелер бойынша кәсіби мамандардың үлкен пулы қалыптасты. Яғни кәсіби маман тауып, онымен келісімшарт жасасады. Тиісінше ол адам мемлекеттік органға әрі қарай жобалық құжаттаманы жасауға толық жәрдем көрсетеді», - деп түйіндеді Азамат Жолманов.