Елімізде волонтерлік қозғалысты насихаттайтын «Ашық жүрек» жобасы басталды

«Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында жастардың бойына еңбек құндылықтарын сіңіру керектігін, еңбекті абыройлы, абыройсыз деп бөлуге болмайтынын айтты. Шынын айтқанда, коронавирус індетіне дейін волонтерлікке күмәнмен қарайтындар болған шығар, бірақ қиын кезеңде әр нәрсенің өз орны бар екенін түсіндік. Мақсатқа еңбек арқылы ғана қол жеткізуге болады. 2013 жылы біз Қазақстан волонтерлер лигасын құрып, қоғам үшін еңбек еткісі келетіндердің басын қостық. Осылайша авторлық жобаларымызды жүзеге асыра бастадық. EXPО-да еңбек еткен әр бесінші волонтер осы лиганың мүшесі болған. 2020 жыл – еліміз үшін сынақ жылы. Біздің волонтерлер мұқтаж жандарға көмектесті», - дейді Қазақстан волонтерлері лигасының төрайымы Айсұлу Ерниязова.
Қазақстан волонтерлері лигасы үйлестіру кеңесінің мүшесі Әзиз Кажденбек «Ашық жүрек» жобасының мақсаты туралы айтты.
«Бұл жобаның мақсаты – Қазақстан жастары арасында волонтерлік қозғалысқа серпін беру, волонтерлік қозғалыстың қағидасын түсіндіру. Жастар деп айтқанмен кез келген жастағы адам волонтер бола алады. Екіншіден, волонтер деген мағынаны жастар арасында кеңінен тарату. Биыл «Ашық жүрек» жобасы бойынша 20 мың волонтер қазақстан волонтерлері лигасына кіреді деп жоспарлап отырмыз.еліміздің 17 аумағында волонтерлық орталық ашылады. Ол аудан, облыстағы волонтерлық ұйым, топтардың басын қосуға мүмкіндік береді. Одан басқа, ай сайын әр аймақ бойынша үздік волонтерді анықтайтын боламыз. Волонтерлар жобасын қолдауға «Ашық жүрек» жобасы ішінде 107 кіші грант беріледі. Қазақстан дамуына үлес қосқысы келетін, өзін волонтермін деп санайтын әр адам жобаларын жүзеге асыру үшін грант алуына мүмкіндік бар. Әр аймаққа 300 мың теңгеден 56 грант бөлінген. Республикалық маңызы бар қалаларға 500 мың теңгеден грант бөлінген. Одан басқа барлық волонтерлік бастаманы қолдайтын 42 грант бөлінген», - дейді Азиз Кажденбек.