Елімізде заңдастырылған петициялар институты пайда болады
«Сенат заң жобасын қабылдаған соң жыл соңына дейін мемлекеттік органдар жеке портал немесе платформа әзірлеп, заңдастырылған петициялар институты іске қосылады. Петиция беруге белгіленген шекті нормаларға сәйкес 2,5 мыңнан 50 мыңға дейін дауыс жиналуы тиіс. Петиция жиналған дауыс санына байланысты қарауға алынады. Аудандық деңгейде қаралатын жергілікті мәселе бойынша петиция беру үшін 2,5 мың дауыс қажет. Петиция қарауға алынған жағдайда аудандық әкімдік пен мәслихат жанынан комиссия құрылып, мәселені талқылайды», - деді Мадияр Қожахмет «Аmanat» партиясы алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Комитет басшысының мәліметінше, петицияны қарайтын комиссия құрамына жергілікті атқарушы билік өкілдері, депуттар мен қоғам белсенділері кіреді.
«Жалпы петицияларды қабылдау аудандық, облыстық және үкіметтік деңгейлерге бөлінеді. Облыстық мәселелерді шешу бойынша петиция жазу үшін кем дегенде 5 мың дауыс жиналуы тиіс. Ал Үкімет деңгейінде қаралуы тиіс проблема болса, оны 50 мың адам қолдаған жағдайда ғана мәселені Үкімет қарап, шешім қабылдайды», - дейді ол.
Бұған дейін «Петиция арқылы шенеуніктерді лауазымынан босатуға бола ма?» деген сауалға түсінік берілген еді. Сондай-ақ петиция жазуға болатын тақырыптарға қатысты айтылды.