Елімізде жеке меншік университетте білім алушылардың саны өсуде

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2016-2020 жылдар аралығында жеке меншік университетте білім алушылардың саны 53,8% өскен. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігі өткізген жиында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елімізде жеке меншік университетте білім алушылардың саны өсуде

«Қазіргі уақытта елімізде жалпы 127 жоғары оқу орны бар, оның ішінде 70 - жеке меншік. Жалпы білім алушылардың саны 624 263 адамды құрайды. Қазіргі уақытта жоғары оқу орындарының 55%-ы жеке меншік ұйымдар. Оларда 391 309 адам оқуда (47 421-ы мемлекеттік тапсырыс бойынша)», - дейді Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.

Оның айтуынша, жеке меншік университеттердегі білім алушылардың санының жыл сайын өсуі байқалады. Мысалы, 2016-2020 жылдар аралығында 53,8% өскен.

«Атап айтқанда, контингенті ең көп жеке меншік жоғары оқу орындары: Шымкент университеті – 15 527, Қазақстан инженерлік-педагогикалық Халықтар достығы университеті – 12 717, «SilkWay» университеті – 9 320 және олардың барлығы бір өңірде орналасқанын ескеру қажет. Яғни, іс жүзінде бірқатар жекеменшік университеттерді өз контингенті бойынша Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ сияқты ұлттық университеттермен салыстыруға болады. 2030 жылға қарай ЖОО түлектері екі есеге көбейіп, саны 301 602 адамға жетеді деп күтілуде», - дейді ол.