Елімізде жемшөпті арзан бағада сататын кооператив құрылады

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру басталды. Оның шеңберінде сенім білдірілген өкіл (агент) арқылы 5 жылға дейін, мал шаруашылығы саласында 7 жыл мерзіммен, жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызбен микрокредит беріледі. Микрокредиттің ең жоғары сомасы - 8,6 млн теңге, ал ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін - 27,6 млн теңге. Жобаны іске асыруда биыл 17 мың микрокредит беру жоспарымен 100 млрд теңге көзделген, бұл 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», - деді Ербол Қарашөкеев Үкімет отырысында.
Оның мәліметінше, «Ауыл аманаты» жобасына алдағы 7 жыл ішінде 1 трлн теңге бөлу жоспарланып отыр.
Сол арқылы 1 миллионнан астам ауыл тұрғыны үшін 350 мыңға жуық жұмыс орны құрылмақ.
«Төрт түлік малды азықпен қамту мақсатында нарық бағасынан төмен бағада сататын сервистік ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жоспарланған», - дейді ол.
Бұған дейін Е. Қарашөкеев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыруға жеңілдетілген несие берілетінін хабарлаған еді.