Елімізде жолды күтіп, баптауда қандай мамандар жетіспейді

«Бүгінде елімізде 11 ақылы жол учаскесі бар. Оның ішінде 2 ақылы жол учаскесін ұлттық компания өз қаржысы есебінен күтіп, баптайды. Қалған учаскелер бойынша ақылы жолдардан түскен табыстың есебінен күтім жұмыстары жүргізіледі. Жолды күтіп баптауға тек жөндеу жұмысы ғана емес, сонымен қатар жол бойындағы инфрақұрылымды дамыту да жатады. Бүгінде ақылы жолдар бойында әжетхана, қоқыс контейнерлері, жанар-жағар май құю бекеттері және демалыс орындарымен қамтылған», - деді «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының ақылы жолдар дирекциясының бас инженері Қанат Сәдуақасов БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры барысында.
Оның айтуынша, ақылы жолдардың сапасы мен инфрақұрылымы жыл санап дами түспек.
«Біздің компанияда ақылы жолдардағы қозғалысты қадағалап, қамтып отыратын арнайы бөлімше жұмыс істейді. Сонымен қатар жолаушылар тарапынан қандай да бір сауал, өтініш, шағым болған жағдайда 1403 Call-орталығы тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Қазіргі уақытта ақылы жолдарды күтіп баптауға арналған 150 техника бар. Оның ішінде 130-ы арнайы техника. Техникамен қамту жағынан біз нормативті орындап, стандартқа сай жұмыс істеп жатырмыз. Егер жетіспей жатқан жағдайда біз қосымша техника жалдаймыз.
Кадр мәселесіне келсек, шешілуі тиіс тұстары бар. Айтар болсақ, жүргізуші, механизатор мамандарының жетіспеушілігі бар. Дегенмен бұл шешімі бар мәселе. Кадр тапшылығын шешуде жергілікті атқарушы органдармен де тығыз байланыстамыз», - дейді ол.