«Елімізде жұмыс жасайтын жанға жағдай бар» - баспасөзге шолу
***
« Егемен Қазақстан » газетінде «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының тәуелсіз директоры сэр Ричард Эванспен арадағы сұхбат « Бәсекеге қабілетті болғымыз келсе, түбегейлі өзгеруге тиіспіз » деген тақырыппен берілген. Басылымның барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: ««Самұрық-Қазына» қорын трансформациялау бағдарламасы бір реткі шара емес. Осы үрдістің басында Қордың Директорлар кеңесі тұр. Осы кеңес бағдарламаны жүзеге асыру барысында акционер мен еншілес компаниялар арасындағы алтын көпірге айналуы тиіс.
Бүгінгі таңда әлемдік, халықаралық ірі компаниялардың барлығы да трансформациялық жаңару мен жаңғыруды басынан кешіріп отыр. Себебі, әлемдік экономикадағы, қаржы нарығындағы зор өзгерістер олардың алдына да жаңа басымдықтар мен міндеттер қойды. Халықаралық озық тәжірибені меңгерген, әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілетті холдингке айналу үшін бізге де осындай өзгерістер қажет» дейді.
«Тумақ бар да өлмек бар дейміз. Бірақ ерте өлу - қасірет. Сол ерте өлуге бір себеп - соғыс. Ал қасіреті одан он есе күшті кесапат бар. Ол - темекі. Мысал келтірейік пе? Солтүстігіміздегі Ресей дейтін тату көршіміз бар. Халқы айтарлықтай көп. Бірақ азайып келеді. Соның бір себебін сарапшылар темекіден көреді. Жыл сайын мұнда темекі тарту зардабынан 500 мың адам өледі екен. Жарты миллион! Бүкіл дүниежүзінде темекіден өлетіндердің (5 миллион) 10 пайызы осы елде», деп жазады « Егемен Қазақстан » газеті бүгінгі нөміріндегі « Қасіреті соғыстан да күшті кесапат » деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, өзіміздегі жағдай да оңып тұрған жоқ. «Бірден көршімізді мысалға алуымыз - олардың көрсеткіштері «көрнектілеу» және есебі дұрыс жүргізілетін сияқты. Олардың жығылғанына күлгендей болсақ, өзіміздің де сүрініп жатқанымыз анық. Бізде бір деректе 5 миллиондай, бір деректе 4 миллиондай адам темекі тартып, содан ауруға шалдығып, ақыры өлім құшатындар саны жыл сайын 25 мыңға жетіп отыр. Айдын-күннің аманында, соғыс жоқ кезде өздері сұрап алған кесапаттан көз жұмады», дейді автор.
***
Бесіктен белі шықпай жатып вундеркинд атанып, есімі адамзат тарихында алтын әріптермен мәңгілікке жазылған әлемдік деңгейдегі тұлғалар аз емес. Мәселен, үш жасында концерт қойған Моцарт пен тілі шықпай жатып қолына қылқалам алып, көрген жанды естен тандырарлық суреттер салған Пикассоны айтуға болады. Әлемге әйгілі ғұлама Блез Паскаль төрт жасында хат танып, онымен қоймай мөлдіретіп көркем шығарма жаза да білген адам. Тоғызға толғанда «Музыка туралы» трактат жазады. Ал он үш жасқа толғанда француздың ең озық математиктерінің өзі іздеп келіп сәлем беретін дәрежеге жеткен. Сондай-ақ осы сынды айрықша дарынды балалар соңғы кездері Қазақстанда да кездесіп жатыр. Бұл жайында « Айқын » газетінің сенбілік санындағы « Қазақ қоғамы вундеркинд балалардың қадірін қашан түсінеді? » деген тақырыптағы мақалада кеңінен тарқата жазылған. Басылымның жазуынша, жақында отандық басылымдар бетінде Ерхан Исламбек атты бес жасар қызылордалық дарынды бала туралы ақпарат жарияланды. Бар болғаны бес жасында елге танылған Ерхан есеп шығаруға келгенде алдына жан салмайтын болып шығады. Бір саны мен миллионның арасындағы кез келген санды еш ойланбастан қосып, азайта алатын ерекше қасиеті балабақшада жүргенде байқалыпты. «Шымкенттік Айдын есімді қыз бала да 4 жасында-ақ оқу, жазуды, есептеуді шемішкеше шағып, мұғалімдерді таңғалдырған болатын. Амал не, көбейту кестесін жатқа соғатын Айдынды ата-анасы қанша жүгірсе де мектепке қабылдата алмаған. Баланың дарынын көріп тұрса да білім басқармасындағылар білім туралы заңнан аттай алмайды. Ол заңда орта білім ошақтарына 6 жастан бастап қабылдау керектігі шегеленіп жазылып қойылған», деп жазады мақала авторы.
Осы басылымда Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильяновпен арадағы сұхбат Еуразиялық экономикалық одақ төңірегінде өрбіген. Басылым тілшісінің балық сауалына тұщымды жауап берген халық қалаулысы: «Қазіргі алмағайып заманда бөлінгенді «бөрі жейді», «жалғыз жүрген» жол таппайды. Сосын ұйым саяси емес, экономикалық интеграция болып отыр. Ол егемендікке ешқандай нұқсан келтірмейді. Одақ аясында саяси құрылымдар құрылмайды. «Ортақ Парламент», «ортақ азаматтық» болмайды. Оның үстіне ұлттық мүдделер аяқасты болмауға тиіс: ЕЭО органдары «1 ел- 1 дауыс» қағидатымен жұмыс жасайды. Яғни, шешімдер барлық мемлекеттер жақтап, дауыс бергенде ғана өмірге жол¬дама алады. Егер біреуі қарсы болса, шешім қабылданбайды. Бір де бір елге артықшылық берілмейді. Бұған қоса, Еуразиялық одаққа кіру деген басқа ұйымдарға мүше болмайсың деген сөз емес. Қазақстан биыл дәл сол сияқты ДСҰ-ға да енгелі отыр», дейді. Сұхбат « Елімізде жұмыс жасайтын жанға жағдай бар » деген тақырыппен жарияланған.