Елімізде жұмысшылардың құқықтарын қосымша қорғауға қатысты жаңа нормалар енгізілді
Бұл құжат еңбек дауларын реттеу және келіссөздер процестерін ұйымдастыру мәселелері бойынша елдің заңнамасын жетілдіру үшін әзірленді. Жаңа түзетулер келісім комиссиясының қызметіне, ұжымдық еңбек дауларын шешудегі кәсіподақтардың рөлін нақтылауға, жиналыстар немесе ескерту ереуілдері өткізілуі мүмкін жағдайларға және басқа да тиісті жайттарға қатысты мәселелерді қамтиды.
«Аталған Заң аясында Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне және «Кәсіптік одақтар туралы» Заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп отыр. Заңның негізгі мақсаты – еңбек жанжалдарын реттеу және келіссөздер процестерін ұйымдастыру мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру. Заңда келісу комиссияларын қалыптастыру және Еңбек төрелігін құру тәртібін, олардың қызметін жетілдіру көзделген. Осы орайда еңбек дауларын қарау мерзімдері қысқартылды, келіссөздер процестерін ұйымдастыру, талаптарды тұжырымдау және ұсыну рәсімдерін жеңілдетілді, кәсіптік одақтардың рөлі күшейтілді. Бұл өз кезегінде құқықтық саладағы еңбек жанжалдарын шешуге ықпал етеді деп сенеміз», - деді сенатор Ақмарал Әлназарова
Оның айтуынша, заңды қабылдау теріс және өзге де жағымсыз әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды.
Өз кезегінде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбев Мемлекет басшысы еңбек дауларына қатысты құқықтық қатынастарды қосымша реттеу мәселесін бірнеше рет көтергенін еске салды.
«Соған сәйкес әзірленген бұл заң осы саладағы отандық заңнаманы жетілдіруді көздейді. Жалпы, дауларды реттеудің баламалы тәсілдерін қолдану – құқықтық саясатты дамытудың маңызды бағыттарының бірі. Осы заң арқылы жеке және ұжымдық еңбек дауларын қарау тәртібі қайта қаралады. Сондай-ақ келісу және татуластыру комиссиясының мәртебесі күшейе түседі. Алдағы уақытта жаңа нормалар жұмысшылардың құқықтарын қосымша қорғауға және еңбек дауларын азайтуға ықпал етеді деп сенеміз», – деді Сенат төрағасы.