15:47, 18 Сәуір 2013 | GMT +5
Еліміздегі 572 мың студенттің ақылы түрде білім алып жатқандарының үлесі 75 пайызды құрап отыр
АСТАНА. 18 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақстандағы жоғары оқу орындарында студенттердің 34 пайызы сырттай оқиды. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Орынханов мәлім етті.
«Бүгінде елімізде 136 жоғары оқу орны жұмыс істеуде. Оның ішінде 9-ы ұлттық, 33 мемлекеттік оқу орны бар. Қазіргі кезде қазақстандық жоғары оқу орындарында 571 мың 691 адам оқиды. Соның ішінде күндізгі білім беру формасында 66 пайызы білім алуда, ал қалған 34 пайызы сырттай оқиды»,-деді вице-министр.
Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік жоғары оқу орындарында студенттердің 72 пайызы күндізгі бөлімде, 28 пайызы сырттай тәлім алуда. «Ал жекеменшік 63 оқу орындарында барлығы 206 мың студент бар. Оның 48 пайызы күндізгі, сондай-ақ 52 пайызы сырттай оқиды»,-деді ол.
Таратылған мәліметтерге қарағанда, елімізде ақылы түрде білім алып жатқандардың үлесі 75 пайызды құрап отыр.