Еліміздегі ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіштер

Жарлыққа сәйкес ҚР Үкіметіне жыл сайын 31 мамырда саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған іс-шаралар өткізу тапсырылған. Биыл осынау қаралы күнді республикалық деңгейде атап өтіп келе жатқанымызға 18 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде ашаршылық нәубетінен қырылған 4 миллионға жуық және 1937-1938 жылдардағы саяси репрессияда «халық жауы» атанып, жапа шеккен 100 мыңнан аса құрбанға арнап Қазақстанның түкпір-түкпірінде қанша ескерткіш орнатылды? Қай қалаларда ескерткіш-монументтер бар? Осы туралы деректерді тарқатып көрейік.
Әуелі Астана қаласындағы ескерткіш туралы. 2012 жылы Елбасының қатысуымен елордада «Ашаршылық құрбандарына ескерткіш» монументі ашылды. Бұл монумент бас шаһардың оң жағалауындағы Абай көшесі мен Республика даңғылының қиылысында орналасқан. Ескерткіш ашылады деген шешім қабылданғаннан кейін Астана қаласының әкімдігі дизайнерлер арасында байқау жариялаған. Осы байқауда Қазақстан дизайнерлер одағының мүшесі Орал Әлібаевтың еңбегі үздік танылды. Автор өз жұмысын «Қасірет керегесі» деген атаумен ұсыныпты. Монумент қабырғасында киіз үйдің керегесі бейнеленген. Ортада кер заманның кесірінен шаңырағы шайқалған жанұя мүсінделген.
2013 жылы Елбасының Жарлығын жүзеге асыру мақсатында Павлодар қаласында да «Мәңгі есімізде» деп аталатын ескерткіш бой көтерді. Бұл ескерткіштің салыну тарихын айтар болсақ, 1997 жылы қалада сталиндік жазалау құрбандарына ескерткіш орнату жөнінде мәселе көтеріліп, Ертіс өзенінің жағалауындағы алаңқайға уақытша белгі тас қойылады. Араға 16 жыл салып, 2013 жылы 31 мамыр күні нысанның ашылуы болады.
Айта кетейік, өткен ғасырдың 20-30 жылдары Павлодар облысында аштықтан 300 мыңнан аса адам көз жұмған. Саяси жазалау жылдары облыс бойынша 5 мыңдай адам зардап шеккен, оның 2 мың 450-і Ішкі істер халық комиссариаты «үштік» сотының үкімімен бас бостандығынан айрылып, 932-сі атылған. Ескерткіш осы құрбандардың есімін ел есінде мәңгі сақтау үшін халық игілігіне берілді.
Кешеннің ортасында көне түркілердің сегіз қырлы белгісі пішініндегі табантас (2-сурет) орналастырылып, бетіне әлемдік төрт діннің нысандары: Исламның жарты айы, Христианның айқышы, Иудейлердің Дәуіт жұлдызы, Буддизмнің өмір дөңгелегі бедерленген. Бұл белгі-нысандар сол кезеңде өңірдің байырғы халқы - қазақтармен қатар, түрлі жағдайда келіп қоныстанған 40 түрлі ұлт ұстанған әлемдік төрт дін өкілдері де зардап шекті деген ұғымды білдіреді.
Зұлмат жылдары жапа шеккен солтүстікқазақстандықтар да елеусіз қалмаған. 2012 жылы Петропавл қаласында 7 мың адамның есімі жазылған ескерткіш тақта бой көтерді. Олардың арасында қазақ мәдениеті мен ғылымының, ағарту ісінің көрінекті өкілдері - Мағжан Жұмабаев, Үкілі Ыбырай, Смағұл Сәдуақасов, Нығмет Сырғабеков, Қайсар Таштитов, Ғаббас Тоғжанов, Жұмағали Тілеулин сынды арыстар бар.
Бір айта кетерлігі, халық бұл ескерткішті салу үшін асарлатып 8 миллиондай теңге жинап берген.
Дәл осы 2012 жылы Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскеменде саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражай ашылды. Аядай ғана бөлмеде қуғынға ұшырағандар туралы небір деректер мен олардың түрмеде қолданған заттары, үйіне жазған хаттары, бас-аяғы жүзден астам жәдігер қойылған. Бұндағы жәдігерлердің барлығы сол нәубет жылдарында мерт болғандардың көзі тірі туыстарынан жиналыпты.
Қарағанды облысының Спасск ауылында осындай ескерткіш 2010 жылы ашылған. Нысанның саяси қуғын-сүргін құрбаны болған еврей ұлтының өкілдеріне арналғанын айта кеткен жөн.
Спасск мемориалдық кешені әскери тұтқындар жерленген жерде орналасқан. Спасск ауылында 1930-50-ші жылдары КСРО ІІМ Ішкі істер халық комиссариатының бөлімшесі, сондай-ақ әскери тұтқындар жер аударылған шетелдік азаматтардың лагері орналасқан. Ауыл жанында орналасқан зират - қазіргі уақытқа дейін сақталған зираттардың бірі. Мұрағат деректері бойынша, бұл жерде 50-ден астам ұлттың бес мыңға жуық тұтқындары жерленген.
Бұл жерге алғашқы естелік белгісін 1987 жылы жапондықтар орнатқан. Одан кейін саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған өз жерлестеріне арнап Венгрия, Италия, Германия, Польша, Румыния, Франция, Финляндия, Ресей, Украина және тағы да мемлекеттер ескерткіш орната бастады. 2004 жылы Спасск мемориалдық кешенінде қазақ жерінде мәңгі тыныстаған барлық саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналып естелік белгі орнатылған.
Осы жылдары Қарағанды облысындағы атақты «Карлагта» талай адам «жазасын» өтегені белгілі. Сол себепті де Теміртау қаласының маңындағы Центральное ауылында алғашқы қоныс аударушылар мен саяси нәубет құрбандарына арналған гранит ескерткіш орнатылған.
Сондай-ақ, облыстағы ірі ескерткіштердің бірі Балқаш қаласында орналасқан. Онда Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, тағы басқа Алаш қайраткерлерінің бейнесі ойылып, қашалып салынған. Ескерткіш авторы - Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Игорь Баграмов. Оның да ата-бабалары қуғын-сүргін құрбандары болып, Қарағандыда атылыпты.
Қостанай қаласындағы Жеңіс саябағында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш бар. Ол 2003 жылы ашылған. Жергілікті халық сол кезде бұл ескерткіштің салынуына үлес қосып, 1 миллион теңге жинап берген екен.
Репрессия жылдары Қостанай облысында 121 түрлі ұлтқа жататын 7000 адам жазықсыз ажал құшты.
1930-1950 жылдардағы репрессия құрбандарына арналған ескерткіштің бірі Ақтөбе қаласына 30 шақырымдай жердегі «Түйетөбеде» тұр. Ол 1990 жылы 29 қыркүйекте жергілікті тұрғындар қаражатына орнатылды. Ескерткіш авторлары - Б. Елімбаев және В. Тертерян.
(Түйетөбе басында «жеті нан» үлестіріп жатқан бойжеткен. Ақтөбе, 31 мамыр 2013 жыл)
2012 жылы 6 маусым күні Батыс Қазақстанның Жаңақала ауданында №8 кәсіптік лицей саябағында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш тақта ашылды. Қазақ Автономиялық Республикасы Орталық Атқару Комитетінің тұңғыш төрағасы Сейітқали Меңдешев, Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің мүшесі, Жаңақала аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Мағауия Өтегенов, Қазақстан орталық атқару комитетінің мүшесі, Жаңақала аудандық атқару комитетінің төрағасы Есет Тоқсанов, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Қасым Байғанин, Ленин орденді ұстаз Ғұмар Салықов, тағы басқа жазықсыз жапа шеккен жаңақалалықтардың суреттері тақтаға орнатылып, есімдері жазылған.
Сондай-ақ, осы облыстағы Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылындағы «Зерде» саябағында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш ашылған. Тек осы Ақжайық ауданының өзінен зобалаңға ұшыраған жандар саны 422 адамды құрайды екен.
Шымкент қаласында 2001 жылдың 2 қарашасынан бері ОҚО саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей жұмыс істеп келеді. Музейдің екі залы бар. Соның бірі - «Тағзым» залында 30-32 жылдары атылған 2500 адамның аты жазылып тұр. Орта тұста «Репрессия» атты мүсін орналасқан. Ол сол жылдары адамзат тартқан азап пен қайғыны бейнелейді. Нысан құрылысын архитектор А.Найманбай жобалаған. Сондай-ақ, музейдегі портрет галереясында А.Байтұрсынов, М.Шоқай, М.Тынышпаев, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Т.Рысқұлов сынды арыстарымыздың бейнесі ілінген.
Алматы облысының Жауғашты кентінде ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш бар. Ескерткіш 2012 жылы ЛА-155/4 (әйелдер колониясы) түзеу мекемесінің маңында, 30-шы жылдардағы ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандары жерленген жерге орнатылған. Сондай-ақ, Райымбек ауданының Кеген ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арнап ескерткіш орын тепкен. Ескерткіш Ашадан Зыкаевқа арналған. Ол Қазақ КСР Алматы облысы Кеген ауданының ауылкеңес төрағасы болған, Ораз Жандосовтың сенімді серігі.
Ашадан Зыкаев 58-бап бойынша айыпталып, Магаданға жер аударылған. 1939 жылы 11 наурызда қайтыс болған.
Алматы қаласынан 40 шақырымдай жерде орналасқан Жаңалық елді мекенінде 4 мыңдай адам жерленген. Сол құрбандардың құрметіне еңселі ескерткіш орнатылған (суретте).
Алайда мұндай ескерткіштер облыста болғанымен, Алматы қаласында салынуы тиіс ескерткіш әлі күнге дейін кейінге қалдырылып келеді.
Ербол Жанат