17:56, 16 Қаңтар 2009 | GMT +5
Еліміздегі авиаотын нарығындағы монополист компаниялар анықталды
АСТАНА. Қаңтардың 16-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Еліміздің авиаотын нарығында қызмет етіп жатқан монополист компаниялар анықталды. Бұл туралы бүгін Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен өткен Бәсекелестікті қорғау агенттігінің жыл қорытындысына арналған кеңейтілген алқа мәжілісінде аталған мекеменің басшысы Мәжит Есенбаев мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«2008 жылдың аяқ кезінде елімізде авиаотынның бағасы күрт көтерілді. Осыдан кейін біз «Эйр Астана» компаниясының өтініші мен Сіздің берген тапсырмаңызға орай тексеріс жүргізіп, осы нарық саласындағы монополист компанияларды анықтадық. Олар - «Петро Қазақстан», «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» және «Торғай Петролеум». Бүгінде аталмыш компаниялар доминаттардың мемлекеттік реестріне енгізілді. Енді, бәсекелестікті сақтамау фактілері бойынша қандай да бір заң бұзушылықтар тіркелген жағдайда, біз заң аясындағы барлық іс-шараларды қолданатын боламыз. Алдағы уақытта біз авиаотын нарығындағы тәртіпті қолға алып, атқарылған жұмыстар бойынша Сізге есеп беретін боламыз», - деді М.Есенбаев.Айта кетейік, 2008 жылы қараша ? желтоқсан айларында еліміздегі авиаотынның бағасы күрт өсіп, 650-750 АҚШ долларына дейін жетті. Ал аталған отынның әлемдік бағасы бүгінде 425-500 доллар шамасында.