Еліміздегі энергия өндіретін нысандарда көмір қоры 3,9 млн тоннаға жетті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздегі бес станцияда көмірдің қоры норматив деңгейінен аз жинақталды. Бұл туралы Үкімет отырысында жылу беру маусымына дайындықты талқылау кезінде Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еліміздегі энергия өндіретін нысандарда көмір қоры 3,9 млн тоннаға жетті

«Электр станцияларында отын жинақтау жалғасып жатыр. Энергия көздері қоймаларындағы көмір қоры 3,9 млн тоннаны және 83 мың тонна мазутты құрады, бұл жалпы бекітілген нормаларға сәйкес келеді. Сонымен қатар 5 станцияда көмірдің нормативтік қоры сәйкес келмейді», - деді Б. Ақшолақов.

Осы орайда Семей ЖЭО-1, Риддер ЖЭО, Шахтинск ЖЭО, Жезқазған ЖЭО, Петропавл ЖЭО-да көмір қорын толықтыру міндеті белгіленді.

Оның айтуынша, былтыр жылу беру маусымының басында жылжымалы құрамның жетіспеуіне байланысты еліміздің бірқатар электр станцияларына көмір жеткізуде қиындықтар болған.

Бұдан бөлек министр өңірлерге арналған «әлеуметтік мазутқа» қатысты түсінік берді. 2022 жылғы тамызда Энергетика министрлігі жергілікті атқарушы органдардың өтінімдеріне сәйкес, «2022-2023 жылғы күзгі-қысқы кезеңде әлеуметтік-өндірістік нысандар мен мекемелерге мазут жеткізу бойынша мұнай және мұнай өнімдерінің негізгі ресурс жинақтаушыларына облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары бекітілді. Осы орайда мазут 218,6 мың тонна көлемінде айқындалды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Энергетика министрі электр станцияларын жөндеу мерзімдерін орындамаған өңірлерді атады.