Еліміздегі мал шаруашылығы өнімдері 3,4 пайызға артты - АШМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздегі мал шаруашылығы өнімдерінің өсімі 3,4 пайызға артты. Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов Алматы облысындағы есептік кездесуінде мәлім етті. Есептік кездесуге республиканың облыстық және аудандық әкімдіктері бейне конференция байланысы режиміне қосыла отырып, қоғам өкілдері де қатысты.
None
None

А.Мырзахметовтың айтуынша, соңғы жылдары елімізде мал санының өсімі байқалып, ет пен мал шаруашылығы өнімдерінің экспорты да артқан. Мәселен, 2015 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі ірі қара мал саны 2,5 пайызға өсіп, 6 млн. 183,9  мың басты құрады.

«Мал шаруашылығы өнімдері 3,4 пайызға артып, 931 мың тоннаны құрады. Соның ішінде тауық жұмыртқасын өндіру 10,4 пайыз, (4 737,0 млн. дана), сиыр сүтінің өнімі 2,3 пайызға (5 182,4 мың тоннаға) артты», - деді министр.

Бұдан басқа, республика бойынша қазақстандық азық-түлік өнімдерінің экспорты да өсім көрсеткішіне ие. Мәселен, ет пен ет өнімдерінің экспорты  16,1 мың тоннаны құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 32 пайызға артқан. Соның ішінде сиыр етінің экспорты 6,5 мың тоннаны, құс еті 7,3 мың тоннаны, шошқа еті 2,2 мың тоннаны құрады. Сонымен қатар, есепті кезеңде сыр мен ірімшіктің экспорт көрсеткіші де 2,2 есеге артып, 1,5 мың тоннаға жетіп отыр. Ведомство басшысының айтуынша, сүт өнімдерінің экспорты негізінен Ресей мен Қырғызстанға бағытталған.

Соңғы жаңалықтар