Еліміздегі мамандандырылған ХҚКО қызметі Ахуалдық орталық арқылы бақыланады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі күні жүргізуші куәлігін беру және автотранспорт құралын тіркеу/қайта тіркеу, нөмірлік белгі беру секілді мемлекеттік қызметтерді ұсынатын еліміздің мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары Ахуалдық орталыққа қосылған.
Бұл туралы ҚР Байланыс және ақпарат агенттігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Ахуалдық орталық қызметкерлері бейнебақылау камераларының көмегімен мамандандырылған ХҚКО қызметкерлерінің жұмысын бақылап отырады. Атап айтқанда, орталыққа келген клиенттердің кезек күту уақыты, оларға қызмет көрсету уақыты, берілген жүргізуші куәліктерінің саны, клиенттердің ХҚКО инспекторының қызметіне берген бағасы - барлығы бақылауға алынған. Мемлекеттік қызмет көрсету процесіне мониторинг жүргізу барысында «ХҚКО» ықпалдастырылған ақпараттық жүйесі басты роль атқарады. Аталған жүйе ХҚКО-ның және Әкімшілік полиция қызметкерлерінің мемлекеттік қызметті белгіленген уақытында көрсетуін қадағалауға мүмкіндік береді. Мысалы, теориялық және практикалық емтихан тапсыру уақытын қоса есептегенде, жүргізуші куәлігін беруге 2 сағат уақыт кетеді, егер осы уақыт ішінде емтихан тапсырушы куәлігін алмаған жағдайда, Ахуалдық орталық қызметкерлері оның себебін анықтайтын болады. Егер қызмет көрсету уақыты ХҚКО қызметкерінің тарапынан кешіктірілген болса, мұндай жағдайда қызметкерге тәртіптік шара қолданылатын болады. Егер қызмет көрсету уақыты полиция қызметкерлерінің тарапынан кешіктірілген болса, бұл жағдайда бейнебақылауға жазылған мәлімет Әкімшілік полиция басшылығына ұсынылады. ҚР Байланыс және ақпарат агенттігі мен ҚР Ішкі істер министрлігінің бірлескен жұмысы нәтижесінде кешіктірілген құжат саны айтарлықтай азайды. Бүгінде бұл көрсеткіш барлық рәсімделген құжат санының 5%-дан аспайды, ал өткен жылдың аталған мерзімінде бұл көрсеткіш 27%-ды құраған еді. «Мемлекеттік қызметті алу уақыты азаматтың талон алғаннан бастап дайын құжатты алғанға дейінгі уақыт аралығында есептеледі. Осы уақыт аралығында Ахуалдық орталық қызметкерлері азаматтың емтихан тапсыру залында қанша уақыт отырғанын, практикалық емтиханды тапсыруға қанша уақыт жұмсағанын және жүргізуші куәлігін әзірлеуге қанша уақыт кеткенін көріп отырады», - деп атап өтті «ХҚКО» РМК Бас директорының орынбасары Әсемгүл Балташева. Мамандандырылған ХҚКО-дағы қызметкерлердің атқаратын міндеттері өзара бөлінгенін айтып өту керек. ХҚКО қызметкерлері тек құжаттарды қабылдайды, ал ҚР Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері көлік агрегатын тексеру, көлік құралдарын тіркеу, жүргізуші куәлігін әзірлеу процесіне қатысады. Сөз орайы келгенде айтып өту керек, өткен аптада ҚР ІІМ Әкімшілік полициясының өңірлік бөлім басшылары Ахуалдық орталықтың мүмкіндіктерімен танысты. Бүгінгі күні Ахуалдық орталыққа 162 Халыққа қызмет көрсету орталығы, соның ішінде Астана, Алматы, Қарағанды, Ақтау және Тараз қалаларындағы мамандандырылған ХҚКО қосылған. 2014 жылдың соңына дейін Қызылорда, Петропавл, Павлодар және Талдықорған қалаларында мамандандырылған ХҚКО іске қосу көзделуде.