Еліміздегі металл өңдеу кәсіпорындары қашан толық шикізатпен қамтылады

Бүгінгі таңда түсті металдарды өңдеу көрсеткіші төмен. Басымдық экспортқа беріледі. Бұл мәселе «Жер қойнауын пайдалану және инвестициялық ахуалды жақсарту мәселелері туралы» ҚР заңының консультативтік құжатында көтерілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еліміздегі металл өңдеу кәсіпорындары қашан толық шикізатпен қамтылады
«Түсті металл өндірушілер отандық өңдеу кәсіпорындарының қажеттілігін толық қамтамасыз ете алмайды. Сондай-ақ, бастапқы металл экспортының үлесі басым. Атап айтқанда, алюминийдің - 93,6%, мыстың - 96,6%, қорғасынның - 82,9%, мырыштың - 88,7% және болаттың 11,2%-ы шет мемлекеттерге жөнелтіледі. Бұл көлемдегі металдар дайын өнім күйіне дейін өңделуі тиіс. Сәйкесінше оның құны жоғары болады, ұлттық өнімнің бәсекеге қабілеттілігі артады», - делінген құжатта.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі отандық кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету үшін өндіруші және өңдеуші компаниялар арасында мәміле жасауға міндеттейтін заңды қайта қарауды ұсынып отыр.

«Өңдеу кәсіпорындарын бастапқы металмен қамтамасыз етуді бірнеше жылда 50%, кейін 80%-ға дейін ұлғайту жоспарланған», - деп министрлік жоспарларын баяндаған.

Ведомство алдағы 13 жылда өңдеуші кәсіпорындардың түсті метал шикізатына деген қажеттілігін мына мөлшерде қамтамасыз етпек:

- 2025 жыл - 20%;

- 2030 жыл - 50%;

- 2033 жыл - 80%;

- 2036 жыл - 100%.

Сонымен қоса құжатта еліміздегі өңдеу өнеркәсіптерінің жай-күйі де жазылған. Мәселен, Қазақстанда алюминийдің тек 17% өңделіп, қалғаны экспортқа жіберіледі.