Еліміздегі орта және ірі бизнес субъектілері колледждерді өз басқаруларына алуға дайын - А. Мырзахметов
«Бүгінде бизнес субъектілері колледждерді өз басқаруларына алып, онда өз қондырғыларын орнатып және өз мамандарын шақыртып, студенттерді оқыта алады. Бұл дуалды білім беру жүйесін дамытуға серпін береді. Қазіргі таңда еліміз бойынша дуалды білім берудің республикалық картасы әзірленіп жатыр. Тағы бір айта кететін жайт, бұдан былай студенттердің іс-тәжірибеден өтулеріне қатысты кәсіпорындардың көретін шығындарын мемлекетпен бірлесіп өтеуіміз қажет. Жалпы, колледжердегі білім бағдарламалары икемді болуы шарт. Бизнес субъектілеріне оларға ықпал етуге мүмкіндік берілгені жөн. Сонда олар кадрлар даярлауға барынша мүдделі болады», - деді өз сөзінде Абылай Мырзахметов.
Ұлттық Палатаның жұмысына тоқтала келе, Абылай Мырзахметов Палатада арнайы проблемалар тізілімі жасалғандығын мәдімдеді.
Мұнда күні бүгінге дейін кәсіпкерлерден 670 арыз-шағым келіп түскен. Олардың тең жартысы кәсіпкерлердің құқығын қорғау мәселесіне арналған. Телефон арқылы 9000 астам арыз-шағым түскен. Ондағы көтерілген сұрақтардың 500-і - жүйелік мәселелер. Кез келген адам Палатаның арнайы сайтына кіріп, көкейкесті сұрақтарын жібере алады.
Естеріңізге сала кетейік, дуалды білім беру жүйесінде студенттер бір емес, екі оқу мекемесінде білім алады. Яғни, бірі кәсіби-техникалық білім мекемесінде, екіншісі кәсіпорында жүргізіледі. Мұнда білім беру уақытының үштен екісі кәсіпорында, ал қалған бөлігі білім беру мекемесінде өтеді. Бұл жүйе Германияда кеңінен тарағаны белгілі.