11:35, 01 Наурыз 2023 | GMT +5
Еліміздегі су құбырларының 43%, кәріз желілерінің 55%-ы тозған
АСТАНА. ҚазАқпарат – Республика бойынша су құбырларының 43%, кәріз желілерінің 55%-ы тозаған. Мұндай деректер Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ашық талқыға шығарған «2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасында» келтірілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жергілікті атқарушы органдардың 2023 жылдың басындағы жедел деректері бойынша республикада 98 мың км су құбыры желілері және және 17 мың км кәріз желілері бар. 2022 жылдың қорытындысына сәйкес, су құбыры желілерінің орташа тозуы – 43%, кәріз желілерінің тозуы – 55%. Тұтастай алғанда, 25 жылдағы сенімді пайдаланудың нормативтік мерзіміне сүйене отырып, шамамен 51 км желі күрделі жөндеуді немесе оларды толық ауыстыруды талап етеді», - делінген тұжырымдамада.
Бұған қоса, тұжырымдамада ауыз судың сапасына қатысты да мәселе көтерілген. Атап айтқанда, өткен жылы құбырлардан алынған ауыз су сынамасының 3,9%-ы санитарлық талапқа сай болмай шыққан.
Құжат 15 наурызға дейін көпшілік талқылауда болады.