«Еліміздегі жанар-жағармайдың көтерме саудасына мемлекеттік монополия енгізу керек пе?» - БАҚ-қа шолу

***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, 7 ақпанда басталған «Берлинале-2013» сенбі күні мәреге жетті. Қазақ кинематографиясы алғаш рет аталмыш фестивальге қатысып қана қоймай, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген Эмир Байғазиннің «Үйлесімділік сабақтары» картинасы ең үздік операторлық жұмыс ретінде мойындалып, фестивальдің «Күміс аю» жүлдесін Қазақстанға алып келді. Берлин кинофестивалі - «А» класындағы ең ірі және беделді фестивальдердің бірі. Ол - аты әлемге мәшһүр Канн және Венеция кинофестивальдерімен иық тірестіретін байқаулардың санатына қосылады. Мұндай деңгейдегі фестивальдің негізгі конкурстық бағдарламасына қазақ киносы бұған дейін бір рет қана, 18 жыл бұрын режиссер Дәрежан Өмірбаевтың «Кардиограмма» фильмімен (Венеция, 1995 жыл) қатысқан болатын.
Мерейімізді тасытып кеткен бұл табыстың салмағы әлі де саралана берер. Дегенмен, фильм несімен дараланды? Биыл Берлин фестивалінің негізгі байқауына қатысуға 3 мыңға тарта үміткер ниет қылған. Алайда, кинофестивальдің іріктеу тобының таңдауы 19 картинаға ғана тоқтаған. Сондықтан, негізгі байқауға іліккеніміздің өзін ілкімді оқиғаға балап, медет тұтып отырғанда, қазақ картинасы Бас жүлдеге лайықты ленталардың бел ортасынан табылуы - айта қаларлықтай оқиға. Бұл мақала көпшілік назарына «Аю» аулауға шыққан қазақтар» деген тақырыппен беріліп отыр.
Осы басылымда «Экс-премьерді қайтаруды сұрады» атты материал басылды. Тәжікстанның бас прокуратурасы ресми Киевке елдің бұрынғы премьер-министрі Абдумалик Абдуллоджоновты экстрадициялауға қатысты құжаттар жолдады. Құжаттарда экс-премьерге тағылған айыптар көрсетілген. Халықаралық іздеу жарияланған экс-премьер 5 ақпанда Борисполь әуежайында ұсталып, сот шешімімен 40 тәулікке қамауға алынған болатын. Тәжікстан бұрынғы премьерді президент Эмомали Рахмонға 1997 жылы қастандық жасауды ұйымдастырды деп айыптайды. Сондай-ақ, оған 1998 жылы Согди облысында ондаған адам қаза тапқан тәртіпсіздікті ұйымдастырды деген кінә тағады. Оның үстіне ол премьер болған кезде аса ірі көлемде мемлекет мүлкін талан-таражға салған деген күдік келтіреді. Кезінде экс-премьер президенттік сайлауға қатысып, қазіргі президенттен жеңіліс тапқан еді.
***
«Облыс бойынша Қаржы полициясы департаменті облыс прокуратурасымен бірге Байзақ ауданының Сарыкемер ауылдық округінің бұрынғы әкімі мен әкімшіліктің басқа да қызметкерлерінің бірлесіп ұйымдасқан қылмыстық топ құрғанын әшкереледі», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Қашқын әкім ұсталды» деген материалда. Тергеу амалдарының мәліметтері бойынша, аталған ауылдық округтің бұрынғы әкімі Январбек Мұсаев қызметтік бабын асыра пайдаланып, жекеменшікке жер учаскесін беру жөнінде жалған шешімдер қабылдаған. Яғни 2007 жылдың екінші жартыжылдығында атамекенге келген оралмандардың жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер теліміне сұранысының өскенін пайдаланып, заңды күші жоқ шешімдер дайындап, өтінішпен жүгінгендерге сатқан. Январбек Мұсаев жалғыз өзі заңсыз пиғылын жүзеге асыра алмайтынын біліп, әкімшіліктің бас мамандары Дмитрий Сумелиди, Қайрат Құралбаев, аудан тұрғыны Нұрбек Жұбаев, ауданның бас сәулетшісі Әділжан Момыновтан құралған ұйымдасқан қылмыстық топты құрып, басқарған.
«Айқын» басылымында «Уланып жатырмыз...» атты мақала басылды. Не көзделетіндігі - жасырын сыр, бірақ бүгінде қазақстандықтарды улау жүруде! Парламентте өткен кешегі «Үкімет сағатында» қалаулылар дабыл қақты. Осы жиында Денсаулық сақтау министрінің өзі шетелден елімізге әкелінетін кейбір тамақ өнімдерінің сыртқы қаптамасында да, оған ілеспе құжаттарда да сол өнімнің құрамында қауіпті, зиянды қоспаның бар екендігі жазылмайтындығын мойындады. Яғни әлдебіреулер ондай ақпаратты құпия қалдырып, сол залалды азық-түліктерді Қазақстан халқының тұтынғандығын қалауда. Министр Салидат Қайырбекова оған қал-қадерінше қарсы тұруға тырысып жатқандарын жеткізді. Бір қынжылтатыны, осындай қарау ниеттерге тойтарыс беруге жауапты жалғыз құрылым Қазақстанда жоқ екен. Бүгінде оған жол бермеуге үш орган өкілетті көрінеді.
***
«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Ой-көкпар» айдарында «Еліміздегі жанар-жағармайдың көтерме саудасына мемлекеттік монополия енгізу керек пе?» деген мәселе көтеріліп отыр.
«Тағы да жанармай мәселесі күн тәртібінде. Бұл жолы еліміздегі жанармай-жағармай кұю бекеттерінің иелері Мұнай және газ министрлігіне отынның бөлшек саудадағы шекті бағасын қайта қарастыруды талап етуде. ЖЖМ сатушылардың пікірінше, Табиғи монополияны реттеу агенттігі белгілеген шекті баға қазіргі деңгейде қала берсе, жанармай құю бекеттерінің жағдайы мүшкілдене түспек.
Осы орайда сарапшылар отын бағасын көтерме сауда нарығында да шектеу қажеттігін айтады. Өйткені бағаны тек бөлшек саудада шектеу шарасы нарықтағы ұсақ жанармай құю бекеттерін қыспаққа алып, осы нарықты әрмен қарай монополияландыра түспек. Саяси шешімдер институтының экономисі Сергей Смирновтың пікірінше, бензиннің көтерме бағасын реттеуге қатысты талап дұрыс. Өйткені бүгінде бензинді көтерме бағамен сататындар бағаны қалай белгілесе де, өз еркінде. Олар тіпті мемлекет белгілеген шекті бөлшек бағаға да жақындай алады. Ондай жағдайда ЖЖМ бекеттерінің тақырға отыратыны сөзсіз. Бәлкім, мұнай өнімдерінің көтерме саудасына мемлекеттік монополия енгізу керек шығар?», - деп жазады басылым.