14:18, 19 Тамыз 2022 | GMT +5
Еліміздің әр өңірінде жаңа мамандықтар атласы дайындалады - Саясат Нұрбек
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздің әр өңірінде жаңа мамандықтар атласы дайындалады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мамандығым – болашағым» жобасы аясында әр өңірде жаңа мамандықтар атласы дайындалады. Ол бағдарлама былтыр Павлодар облысында ілкі жоба ретінде іске асырылды. Енді әр өңірдің өңірлік атласы, әр саланың атласы болады. Әр балаға, әр отбасына нақты еңбек нарығының талабы, сұранысы, еңбек нарығы ұсынатын мамандықтар тізбесі беріледі. Біздің жоғары оқу орындарымыз жаңа білім беру бағдарламаларын осы атластармен, яғни еңбек нарығының талабымен ұштастырады», - деді Саясат Нұрбек республикалық тамыз конференциясы барысында.
Оның айтуынша, ендігі уақытта жоғары білім деңгейіндегі жаңа оқу бағдарламаларда біріншіден, кәсіптік стандарт ескерілуі тиіс. Екіншіден, еңбек нарығының талабын ескеру қажет.