Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі Ресейге ет өнімдерін экспорттауға қойылған шектеудің алынғандығын хабарлады

АСТАНА. Шілденің 13-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігі бүгін БАҚ өкілдеріне Ресей Федерациясына ет өнімдерін экспорттауға қойылған шектеудің алынғандығын ресми хабарлады.
None
None

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылы маусымның 18-інде Ресей ауыл шаруашылығындағы қадағалау қызметі (РАШҚҚ) Кедендік одақ аясында көрші мемлекетке өз өнімдерін жеткізетін Қазақстанның 4 облысынан Ресейге мал және мал шаруашылығы өнімдерін жеткізуге шектеу енгізген еді. Бұл шектеу Ақмола облысының Ерейментау ауданына қарасты Новодолинск ауылында аусыл ауруының тіркелуіне байланысты болатын.

Маусымның 18-і күні Ресейдің ауыл шаруашылығындағы қадағалау қызметі анықталған індет туралы толық ақпарат беру туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетіне хат түсірді. Бұл хатқа Ауыл шаруашылығы министрігі тиісті жауабын берді.

Министрлік өкілінің атап өтуінше, осы жауап негізінде ресейлік мекеме маусымның 24-і күні термоөңдеуден өткен дайын мал шаруашылығы өнімдерін тасымалдауға қойған шектеуін, ал шілденің 9-ында Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Қостанай облыстарындағы уақытша шектеуді түбегейлі алған. Дегенмен Ақмола облысына қатысты шектеу әлі өз күшінде.

«Мен Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасы үшін енгізген шектеулерінің алынғандығын тағы бір мәрте айтқым келеді. Бүгінде Ресейге мал шаруашылығы өнімдерін экспорттау үшін ешқандай тосқауыл жоқ. Қазіргі уақытта Ақмола облысынан шектеуді алып тастау туралы РАШҚҚ-мен келіссөздер жүргізілуде. Менің ойымша 1 ай көлемінде бұл облыстан да шектеу алынады. Ал Новодолинка ауылынан біз ертеңнен бастап шектеуді алуды жоспарлап отырмыз», деп атап өтті ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары Ахметжан Сұлтанов.

Соңғы жаңалықтар