Еліміздің барлық аймақтарынан келген Тәуелсіздік құрдастары «Нұр Отанның» Орталық аппаратында өткізілген кездесудің кейіпкерлеріне айналды

АСТАНА. 10 қараша. ҚазАқпарат. Еліміздің барлық аймақтарынан келген Тәуелсіздік құрдастары «Нұр Отанның» Орталық аппаратында өткізілген кездесудің кейіпкерлеріне айналды. Олардың ішінде жас болғанына қарамастан бүгіннің өзінде қандай да бір салада өз-өзін үздік деп көрсете алған мемлекеттік марапаттардың иегерлері, ғылыми жұмыстардың авторлары, есімі жұртқа танылған спортшылар бар, деп хабарлайды партияның баспасөз қызметі.
None
None

Кездесудің ашылуында сөйлеген сөзінде партия Төрағасының Бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин еліміз жиырма жылда орасан зор жетістіктерге қол жеткізгенін айтып өтті. «Бүгінгі кездесуге қатысып отырған жастарға қарап, біз тәуелсіздігіміз барша қазақстандықтарға үлкен мүмкіндіктер бергенін көріп отырмыз. Себебі, елімізде жастардың өз потенциалын іске асыруына барлық жағдайлар жасалған. Бұл - ең алдымен, Елбасымыз, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 20 жыл бойы жүргізіп отырған саясатының арқасында мүмкін болғаны сөзсіз», - деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.

1991 жылғы 16 желтоқсанда Жоғарғы Кеңес «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңды қабылдаған болатын. Осы уақытта еліміз заманауи, қарқынды дамып келе жатқан мемлекетке айналды. Мысалға алсақ, ішкі инвестициялар көлемі жағынан ғана Қазақстан ТМД елдерінің ішінде алдыңғы орынды иеленген. Ішкі жалпы өнім көлемі 12 есеге өсіп, 9 мың доллардан асып түсті. Әлеуметтік салаға жұмсалатын қаржы көлемі, еңбекақы, зейнетақы және әлеуметтік төлемдер көлемі өсіп жатыр. Қазақстандықтардың әл-ауқтын арттыру үшін Елбасының бастамасымен бірқатар мемлекеттік бағдарламалар қабылданған болатын.

Олардың ішінде - Халықты жұмыспен қамту стратегиясы, Бизнестің жол картасы, Индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы. Олардың барлығы партияның жіті қадағалауында. Оған қоса «Нұр Отанның» арнайы жобалары да аз емес. Мақсат - ең алдымен жас қазақстандықтарға қолдау көрсету.

Мысалы, «Дипломмен - ауылға!» алдыңғы қатарлы оқу орындары студенттерінің ауылға келіп, қызмет етуіне бағытталған. «Жастар кадрлық резерві» бүгіннің өзінде тиімді болашақ ұлттық менеджерлерді даярлауды көздейді.

Кездесуге қатысқандардың ішінде математикалық олимпиадалардың бірнеше мәрте алтын жүлдегері Санжар Оразбаев пен Манғыстау облысында тұтқындардың түрмеден жаппай қашуы кезінде көрсеткен ерлігі үшін ІІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Ербол Отарбаев сияқты жастар бар. Ербол әрқашан Елбасының, «Нұр Отан» партиясының жастарға деген қамқорлығын сезінетінін айта келе, өзінің әскери қызметінде одан да жоғары жеңістерге жетуге дайын екенін айтты.

Мәди Жұмабеков, кездесуге қатысушылардың бірі, 20 жасында-ақ ол күріш өндірумен айналысатын шаруа қожалығының жетекшісі болып табылады. Биыл осы дақылдың гектарынан 50 центнердей өнім алған. Бұл - өте жоғарғы көрсеткіш.

Сонымен қатар, Мәди Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті болып табылады. Оның ойынша, ол өмірдегі өз жолын дұрыс таңдаған. Елдің және өз жетістіктерін Мәди Президентпен байланыстырады. Одан да үлкен биіктерге көтерілуге дайын екенін айтып, өз құрдастарының болашақта қол жеткізетін жетістіктері әлі де көп болатынына сенімді.

Жиналғандардың ішінде еліміздің танымал спортшылары да бар. Мысалы, көркем гимнастика бойынша халықаралық санаттағы спорт шебері, 16-шы жазғы Азия ойындарының чемпионы Марина Петракова және самбодан Әлем және Азия чемпионы Ділбар Өміралиева, Бұл қыздардың 20 жасында мақтан етер жетістіктері аз емес. Себебі, олардың есімдері тек Қазақстанға ғана емес бүкіл әлемге танылған. Ділбардың айтуынша, Халықаралық турнирлерге қатысқан кезде өз елін, өз Президентін ерекше мақтан етеді. 1991 жылы дүниеге келгені ол үшін зор мақтаныш. Қазақстанның болашағы үшін басқалардан көбірек еңбек етіп, үлес қосуды өз мақсаты деп санайды Ділбар.

Кездесу өте қызықты өтті. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин Тәуелсіздік құрдастарына естелік сыйлықтар табыс етті. Жастар өз елін гүлденген мемлекетке айналдыру үшін қолынан келгеннің барлығын жасайтыны туралы партияны сендірді. Ол үшін жастардың күш-қуаты жеткілікті.

Соңғы жаңалықтар