Еліміздің барлық азаматтары қазақ тілін меңгеруге тырысып жатқанда, Президенттікке кандидаттың осалдық танытуы үлкен кемшілік – лингвистикалық комиссия мүшесі Ф.Оразбаева
Президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгеруін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссия мүшесі, Педагогика ғылымының докторы, профессор Фаузия Оразбаева бүгін «ҚазАқпарат» тілшсіне берген сұхбатында осылай айтты.
«Уәлихан Қайсаровтың мемлекеттік тілді үйренуге деген талпынысы, ниеті, осы тілді меңгере бастағанының өзі қуантады. Алайда біз қазір оны қазақ тілін толық меңгерді деп айта алмаймыз», - деді Фаузия Оразбаева.
Фаузия Оразбаева Уәлихан Қайсаров 2007 жылы да Президенттіккке үміткер ретінде мемлекеттік тілден емтихан тапсырғанын айта келе: «Арада бес жыл өткен соң кезектен тыс Президенттік сайлауға өзінің кандидатурасын ұсынып, алғашқылардың бірі болып, Президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгеруін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияға емтихан тапсырды. Ол кездегі емтихан да үш сатылы деңгейде өтті. Бірақ қазіргі емтихан мен осыған дейінгі сайлаудағы емтихан арасында айтарлықтай айырмашылық бар екенін атап өту керек. Өйткені ол уақытта кандидатқа аздаған қателерін елеместен өз ойын толық жеткізді деген баға бердік. Оның үстіне У.Қайсаровтың ол кездегі дайындығы бүгінгіден көш ілгері еді. Бәлкім таңдаған тақырыптары жеңіл болды ма, ол өзін жақсы көрсете білді. Әрине мүлде қате жіберген жоқ деу дұрыс емес. Бірақ оның қазақ тіліне деген сол кездегі ынта-ықыласын біз назарға алдық. Содан бергі арада 5 жыл өтті. 5 жылда мемлекеттік тілге деген талап күшейді. Ал Президенттікке үміткер емес еліміздің барлық азаматтары қазақ тілін меңгеруге тырысып жатқанда осалдық таныту үлкен кемшілік болмақ»,-деді.
Оның сөзінше, У.Қайсаров алдында атап өткендей осы сынақтан бұрын да өткен және оның не екенін жақсы біледі. «Бірақ бұл жолы оның жазу сауаты төмен болды. Белгілі бір тақырып бойынша өз ойын жеткізуі де кемшін түсіп жатты. Ол бірінші орысша ойлап, оны қазақшаға аударуға тарысты. Осыдан келіп көптеген қателіктер туындады. Проза мен поэзияны оқудан ғана біршама дұрыс өтті», - деді