Еліміздің бас көлік сақшысы Мәскеуде өткен алғашқы Жеңіс шеруіне қатысқан ҰОС ардагері И. Караваевты құттықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңістің 69 жылдығы мерекесі қарсаңында ҚР ІІМ Көліктегі ішкі істер департаментінің бастығы полиция полковнигі Берік Бисенқұлов І-ші, ІІ-ші дәрежелі Ұлы Отан соғысы, «Әскери Қызыл Ту» ордендерінің иегері, соғыс және еңбек ардагері Иван Караваевтың отбасында болды.

Еліміздің бас көлік сақшысы Мәскеуде өткен алғашқы Жеңіс  шеруіне қатысқан ҰОС ардагері И. Караваевты  құттықтады

Еліміздің бас көлік сақшысы Иван Дмитриевичті өзінің және жеке құрам атынан 9 мамыр - Ұлы Жеңіс күні мерекесімен құттықтап, оған ақшалай сыйақы мен азық-түлік себетін табыс етті, деп хабарлайды Көліктегі ІІД баспасөз қызметі.

Ардагердің үйіндегі кездесу жылы әрі көтеріңкі көңіл-күйде өтті. Иван Дмитриевич қонақтарды кеудесіне медальдар мен ордендер тағылған салтанатты үлгідегі киімімен қарсы алды.

«Біз Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің алдында, әрдайым, басымызды иеміз. Олардың қайсарлығы мен отансүйгіштігі, сұрапыл соғыста көрсеткен жанкешті ерліктері бүгінгі жас буынға өнеге», - деді Берік Байболұлы. Сондай-ақ, ол ардагердің деніне саулық, ұзақ ғұмыр, отбасына бақ-береке тіледі.

Иван Караваев 1925 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. 1943 жылы Ақмола облыстық әскери коммисариатымен Термез қаласындағы артиллерия училищесінің жедел курсына жіберілді. Курсты тәмамдаған соң, екінші Украина майданына жолданады. Ол осы құраммен Днепрден Прагаға дейін, сондай-ақ Болгария, Венгрия, Австрия, Чехия және Славакия елдерін жүріп өткен.

Бұдан соң, аға лейтенант Иван Караваев, фашистерді жеңген Кеңес әскеріндегі майдандас жолдастарымен бірге Қиыр Шығысқа Манчжурияны азат етуге үлес қосты. Артынша Германияның Подстам қаласына Кеңес әскері тобына жіберіліп, онда тағы да жеті жыл қызмет атқарады.

Ол Мәскеу қаласында өткен Ұлы Жеңіс күніне арналған алғашқы әскери шеруге қатысқан.

1952 жылы туған жері Қазақстанға оралады. Соғыстан кейін көп жылдар бойы Отанға қызмет еткен. Сонымен қатар, 20 жылға жуық уақыт Көліктегі ІІД-де абыроймен қызмет атқарды.

Кездесу барысында, департамент бастығы мен ардегер сұрапыл соғыс туралы, бүгінгі бейбіт өмір жайында әңгіме өрбітті.

Қазір Иван Дмитриевич 89 жаста. Отставкадағы полиция полковнигі сексеннің сеңгіріне шықса да өзін тың әрі сергек сезінеді. Оның бойындағы табандылық пен төзімділік қасиеттері жастарға үлгі боларлықтай-ақ.