Еліміздің еркін күрес палуандары Лондон олимпиадасында 2 медаль еншілеуге тырыспақ

АСТАНА. 1 шілде. ҚазАқпарат - Биылғы жылдың басты оқиғасы - Ұлыбритания астанасы Лондонда өтетін ХХХ жазғы олимпиадасы ойындарының басталуына 25  күн қалды.
None
None

«ҚазАқпарат» агенттігі дәстүрлі түрде аптаның әр жексенбісінде осы айтулы спорттық шарада Қазақстанның намысын қорғайтын спортшыларды таныстыруды жалғастырады. Осы жолы біз еркін күрестен ұлттық құраманың мүшелері жайында мәліметтерді оқырман назарына ұсынбақпыз. Айта кетерлігі, спорттың бұл түрінен палуандарымыз 7 олимпиада лицензиясын иеленген болатын.

 Еркін күрестің түп-төркіні ағылшындардан шыққанымен, оны барынша дамытып, жоғары әлемдік деңгейге XVIII ғасырда американдықтар көтерді. Сондықтан да 1904 жылы АҚШ-ның Сент-Луис қаласында өткен ІІ Олимпиада ойындар бағдарламасына алғаш рет еркін күрес енгізіліп, барлық салмақ санатында да АҚШ палуандары жеңіске жеткен еді. Ал елімізде күрестің осы түрін дамыту үшін 1955 жылы Қазақстан спорт комитеттінің басшылары Петр Матущакты шақыртады. Палуандарды дайындауға А.Купцов пен Х. Гиоев те үлкен үлес қосты.

Қазақтың ұлттық күресіне етене жақын болғандықтан еркін күрес тез арада таралып, қарқынды дамыды. К.Байдосов Кеңес Одағының Қазақстандағы бірінші спорт шебері болды. ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушылар А.Айханов, А.Ғабсаттаров, А. Бұғыбаевтар Кеңес Одағының біріншілігінің жүлдегерлері мен чемпиондары атанды. Ал М.Мамыров Олимпиада ойындарының қола жүлдегері болды.

Сонымен 55 келі салмақ санатында боз кілемге шығып, Қазақ елінің намысын қорғайтын Дәулет Ниязбеков 1989 жылы дүниеге келген. Қызылорда облысының атынан өнер көрсетеді. Халықаралық санаттағы спорт шебері. Қазақстанның екі дүркін чемпионы, 2011 жылы Ыстамбұлда өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері.

  Дәурен Жұмағазиев. 1989 жылы дүниеге келген бұл палуанымыз 60 келі салмақ санатында белдеседі. Алматы облысының атынан өнер көрсететін ол Азия чемпионы, 2010 жылы Гуанчжоуда өткен Азия ойындарының және 2011 жылы Ыстамбұлда өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері.

 Қазақстан ұлттық құрамасы сапында Лондон олимпиадасында жарыс жолына шығатын Ақжүрек Таңатаров 66 келі салмақ санатында белдеседі. 1986 жылы дүниеге келген ол Жамбыл облысының тумасы. Қазақстанның төрт дүркін чемпионы. Астанада күрес түрлерінен өткен Олимпиадалық іріктеу жарысында А.Таңатаров күміс жүлдеге ие болып, лицензияны қанжығасына байлаған еді.

 74 келіде ел намысын 1983 жылы дүниеге келген Әбдулхакім Шапиев қорғайды. Батыс Қазақстан облысының атынан өнер көрсететін ол Қазақстанның екі дүркін чемпионы, 2010 жылы өткен Азия ойындарының жүлдегері, 2010 дылғы әлем чемпионатының қола медалінің иегері, сондай-ақ  2011 жылы Ыстамбұлда өткен әлем чемпионатында 5-ші орынға тұрақтаған.

  Келесі спортшымыз - Ермек Байдуашев. 84 келіде белдесетін бұл спортшымызда халықаралық санаттағы спорт шебері, Қазақстанның, екі дүркін чемпионы, 2010 жылы Гуанчжоуда өткен Азия ойындарының қола жүлдегері. Ол Қытайда әлемдік лицензиялық турнирде Лондон олимпиадасының жолдамасын иеленген болатын.

  Таймураз Тигиев. 96 келі салмақ санатында белдесетін бұл спортшымыз 1982 жылы дүниеге келген. Еңбек сіңірген спорт шебері  Батыс Қазақстан облысы атынан өнер көрсетеді. Ол 2008 жылы Бейжің олимпидасында күміс медаль еншілеген болатын.

 1983 жылы дүниеге келген Дәулет Шабанбай 120 келі салмақ санатында жарыс жолына шығады. Павлодар облысының атынан өнер көрсететін ол Қазақстанның төрт дүркін чемпионы, Азияның екі дүркін жүлдегері.

 Жалпы, еркін күрестен Қазақстан ұлттық құрамасының жаттықтырушылары палуандарымыз кемінде 2 олимпиада медалін еншілейді деп үміт артып отыр.

Соңғы жаңалықтар