Еліміздің қауіпсіздігін нығайту - мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі

АСТАНА. Ақпанның 27-сі. ҚазАқпарат /Құралай Жолдыбаева/ - Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміздің шекарасын қорғайтын өз әскері құрылып, әскери-қорғаныс саласындағы дербес саясатымыз, Әскери доктринамыз қабылданды. Іс жүзінде бұл бағыттағы саясат та, кез-келген заңнамалық құжат та терең талдаулар мен зерттеулерді, алысты көздеген болжамдарды қажет ететіндіктен, елімізде Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы құрылған.
None
None
Осы орталықтың вице-президенті Бейбіт Шаханов аталған мекеменің құрылу мақсаты мен қызметі жайында әңгімелейді. - Бейбіт Маратханұлы, Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығының (ӘСЗО) құрылу тарихы туралы айтып кетсеңіз. - Біздің орталық ҚР Үкіметінің 2008 жылғы ақпанның 6-сындағы №110 қаулысына сәйкес құрылды. Ол Орталық Азияда бұрын-соңды болмаған бірегей институт болып табылады. Орталық 2008 жылғы шілденің 15-інен бастап қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қорғаныс қабілеттілігін зерттеу саласында тәуелсіз зерттеу институт ретінде қызмет етеді. Ал 2009 жылдың ақпан айында ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы жұмыстарға қатысуға құқық беріліп, орталық аккредитациялық куәлікке ие болды. Ең таңдаулы әскери мамандардың, жетекші ғалымдардың бірлескен күш-жігерімен алдыңғы қатарлы қорғаныс технологиялары жасалмақ. Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығының жұмысына саясаттану, экономика, әлеуметтану, халықаралық қарым-қатынастар, жаратылыстану, әскери салалар сияқты бағыттағы әртүрлі жетекші мамандар тартылған. Орталықтың мамандары ? ғылыми-зерттеулер институттарында, академиялық мекемелер мен мемлекеттік органдарда үлкен жұмыс істеу тәжірибесі бар кәсіби мамандар. Айта кететін жайт, осындай ғылыми-зерттеулер орталықтарын құру жалпы азаматтық салада да кеңінен қолданысқа енген. Орталықтың негізгі мақсаты ? әскери салада әскери құрылыс пен ғылыми-техникалық үдерісті одан әрі жетілдіру үшін әскери-ғылыми базасын құру болып табылады. - Аталмыш орталықтың қазіргі таңдағы маңызы мен мәні неде және осы уақытқа дейін бұл салада нендей істер атқарып үлгердіңіздер? - Мұндай мекемелердің маңызы олардың мемлекеттік деңгейде шешімдер қабылдау үшін уақтылы әрі сапалы, жан-жақты сарапталған ақпарат немесе ұсынымдармен қамтамасыз ету қабілеттілігінде. Мәселен, АҚШ Үкіметі мен бірқатар дамыған еуропалық және шығыс-азиялық мемлекеттері заңнамалар, мемлекеттік бағдарламалар және дамудың ұзақ мерзімді стратегияларын жасауда осындай мекемелердің интеллектуалдық қолдауына иек артады. Сонымен бірге, мұндай зерттеу орталықтары стратегиялық болжамдар жасауға жәрдемдеседі. Әрбір мемлекет өз мүддесі үшін қызығушылық танытады. Сондықтан біздің негізгі міндетіміз ? қазақстандық әскерді жоғары сапалы және уақтылы ғылыми-сараптамалық ақпаратпен қамтамасыз ету. Осыған орай, біздің орталықтың мәні мен маңызы өзекті, әрі дер кезінде құрылған мекеме. Бүгінгі күнге дейін әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы бірқатар ақпараттық дайджестер, сараптама мониторингтерін және «Сардар» ғылыми журналын шығарды. Қазақстанда бұрың-соңды әскери салада сараптама құжаттары шығарылмағандықтан, аталмыш мәліметтердің ғылыми ортада мәні зор. Өйткені әскери орта мен әскери ғылым бүгінгі күнге дейін жұртшылық арасында болсын, мемлекеттік құрылымдарда болсын, лайықты деңгейде жария етілмей келді. Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы осы мәселені шешуге бағытталған. Орталықтың сараптама өнімдері сапалылығымен ерекшеленеді. Болашақта біз экономика, құқық, мемлекеттік құрылыс және тағы басқа салаларда зерттеу жобаларын жүзеге асыруды бастамақ ниетіміз бар. Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы отандық және шетел ғылыми-зерттеу институттарымен, елшіліктермен және өкілдіктермен ынтымақтастық орнатқан. Біздің орталықта шетел қонақтарының қатысуымен әртүрлі шаралар жиі өтіп отырады. - «Сардар» ғылыми журналы оқырманға несімен қызықты болуы мүмкін. - Бұл басылымды 2008 жылдың қазан айынан бастап, әскери салада жасалатын ғылыми зерттеулерді дамыту және оларды жұртшылыққа кеңінен жариялау мақсатында қазақ, орыс және ағылшын тілінде шығаруды қолға алдық. Оқырман «Сардар» журналының беттерінен еліміздегі әскери құрылым мен әскери дайындықтардың тиімділігін арттыру мәселелері төңірегіндегі мақалаларды оқи алады. Редакциялық кеңес пен редакция алқасының пікірінше, журнал үш тілде шығуына, тиісті айдарларда өзекті проблемаларды көтеруіне байланысты Қазақстан аумағында ғана емес, оның сыртында да танымал болмақ. Ғылыми журналдың шетел сарапшыларымен және әскери ғалымдармен халықаралық ынтымақтастықтары лайықты деңгейде дамып келеді. Айта кететін жайт, журналдың алғашқы нөмірінде Ресей, Беларус, АҚШ өкілдерінің мақалалары жарық көрген. - Орталықтың келешекке деген жоспарлары қандай? - Еліміздің қауіпсіздігін нығайту мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Ал әскери істе қазіргі заманғы талаптарға сай өзгерістер енгізу әскери-ғылыми зерттеулердің маңыздылығын арттырмақ. 2007 жылғы наурыздың 21-інде ҚР Президентінің №299 Жарлығымен мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, соғыстар мен қарулы жанжалдарды болдырмауға, Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды дамыту мен қолдануға негіз қалаушы көзқарастар жүйесін білдіретін, Қазақстан Республикасының жаңа Әскери доктринасы бекітілген болатын. Доктринада әскери саланы ғылыми-техникалық прогреспен қамтамасыз ету мемлекеттің әскери ұйымдары дамуының басымдықтары ретінде атап өтілген. Осыған орай, 2011 жылға қарай әлемдік ғылыми қауымдастықта Орталық Азия аймағының әскери саладағы мүддесін қорғайтын жетекші ұйымға айналуды діттеген жоспарымыз бар. 2011 жылы ӘСЗО әскери қауіпсіздік және қорғаныс саласында ғылыми жобаларға жетекшілік ететін оператордың қызметін атқаратын аймақтық көшбасшыға айналуды ниет етіп отыр. Сондықтан қазіргі таңда біздің орталық халықаралық GSP (Good Scientific Practice) және ИСО 9000-2001 стандарттарын өзінің жұмыс бабына енгізуде. - Әңгімеңізге рахмет.
Соңғы жаңалықтар