Еліміздің қай өңірлерінде оқушы орны тапшы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еліміздегі республикалық маңызы бар 3 қала мен 2 облыста оқушы орнының тапшылығы жоғары.

Бұл туралы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының қағидалары мен талаптарын бекіту үшін ұсынылған құжатта көрсетілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Орта білім беру саласындағы ең өзекті мәселе - ірі қалаларда оқушы орындарының тұрақты тапшылығы болып келеді. Тәуелсіздік жылдарында еліміз бойынша мектептер желісі 1,4 мың бірлікке (9 мыңнан 7,6 мыңға дейін) қысқарды. Бүгінгі таңда білім алушылар контингенті 3,7 млн-ға жетті. Оның 2,2 млн-ы қалалардағы мектептерде, 1,5 млн ауылдық мектептерде. Жалпы республика бойынша 2022 жылға оқушы орындарының тапшылығы 270 мыңды құрайды. Оның ішінде қалада – 167 мың, ауылда – 96 мың орын тапшы.

Тапшылық бойынша ең өткір жағдай бес өңірде. Олар – Астана, Алматы және Шымкент қалалары мен Түркістан, Алматы облыстары. Бұл аймақтарды оқушы орындарының тапшылығы жалпы көрсеткіштен 59 пайызға көп. Яғни, 159 мың орын жетіспеушілігі бар», - делінген Үкімет қаулысында.

Еліміз бойынша оқушы орындарының тапшылығы:

Астана қаласы - 20 973 орын

Алматы қаласы - 39 065 орын

Шымкент қаласы - 27 931 орын

Абай облысы - 8719 орын

Ақмола облысы - 12 923 орын

Ақтөбе облысы - 16 321 орын

Алматы облысы - 22 864 орын

Атырау облысы - 14 414 орын

Батыс Қазақстан облысы - 5 198 орын

Жамбыл облысы - 17 312 орын

Жетісу облысы - 5036 орын

Қарағанды облысы - 2 468 орын

Қостанай облысы - 2 436 орын

Қызылорда облысы - 8 589 орын

Маңғыстау облысы - 10 503 орын

Павлодар облысы - 1 219 орын

Солтүстік Қазақстан облысы - 6 514 орын

Түркістан облысы - 42 842 орын

Ұлытау облысы - 459 орын

Шығыс Қазақстан облысы - 4319 орын

Оқушы орнының тапшылығын шешу үшін Президент тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Жоба нәтижесінде 2026 жылға дейін 800 мың балаға арналған екі аусымдық мектептер салынады. Осы орайда ел Үкіметі жобаның қағидалары мен талаптарын бекітуді ұсынды.


Соңғы жаңалықтар