«Жайлы мектеп» жобасымен салынатын білім ошақтары қандай болады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ел Үкіметі «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасының қағидалары мен талаптарын бекітуді ұсынды. Аталмыш жоба аясында салынатын мектептерде ескерілуі тиіс тетіктер қамтылған құжат Ашық НҚА сайтында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық жоба аясында 2026 жылға дейін қалалар мен белсенді дамып келе жатқан елді мекендерде 800 мың балаға арналған екі ауысымдық мектептер салынады.

«Орта білім беру ұйымдарының объектілерін салу кезінде ұлттық стильді ескере отырып, заманауи эстетикалық тартымды сыртқы түрімен безендіру, бейнебақылау, дыбыстық ескерту орнату, террористік қауіп туындаған кезде автоматты түрде жабылатын есіктер, бөлек блоктар, жылдамдығы 100 Мбит/с интернет желісі, мұғалімдер үшін жабдықталған жұмыс аймақтарының үлесі 30 пайыз болуы қарастырылады.

Мектептерде бастауыш сыныптар үшін бөлек, негізгі және орта мектептер үшін бөлек асханалар болады. Мектепалды даярлық сыныбы және 1-4 сыныптар мен 5-11 сыныптар үшін бөлек спорт залдар қарастырылады.

Мектептерде «әмбебап дизайн» және «ақылға қонымды бейімделу» қағидатын ескере отырып, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту үшін арнайы жағдайлар жасалады.

Мектеп құрылыстары аяқталғанға дейін автомобиль жолдары салынады. Атап айтқанда, балаларды мектепке әкелетін ата-аналардың автокөліктерін қою үшін тұрақтар, автобустық маршруттар мен аялдамалар бой көтеріп, тротуарлар төселеді», - деп жазылған құжатта.

Министрлік дерегіне сәйкес, ұлттық жобаны іске асыруға мемлекеттік бюджеттен 2,6 трлн теңге қаражат қарастырылған. Оның ішінде Ұлттық қордан - 646 млрд, республикалық бюджеттен - 1,9 трлн теңге беріледі. Құжатта көрсетілгендей, мектептерді салу нәтижесінде оқушы орны тапшылығын шешуден бөлек, 100 мың уақытша және 145 мың тұрақты жұмыс орындары құрылады.

Құжат 6 қарашаға дейін ашық талқылауға шығарылған.


Соңғы жаңалықтар