Еліміздің қорғаныс саласы заманауи деңгейде
Қазіргі таңда еліміздің қорғаныс саласының әлеуеті күшейді. Әлем бойынша 52-ші орынға көтерілді. Әрине, оның бәрі - ел мерейі. Бірақ соған жету үшін қаншама тер төгілді. Қорғаныс саласына қажетті қару-жарақтар мен техникаларды шығаратын ірі кәсіпорындардың іргесі қаланды. Осы ретте еліміздің әскери әлеуетін арттыру бағытында ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын айтуға тиіспіз. Бүгінде әскери өнімдерді дайындайтын кәсіпорындардың бәрі де «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ-тың құрамына кіреді.
Алдымен елордада қазығын қаққан үш кәсіпорынға тоқталайық. «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» компаниясы қорғаныс күштерін алдыңғы қатарлы техникалармен жабдықтайды. Негізінен, «Арлан», «Номад», «Барыс» атты броньдық көліктерді шығарады. Олардың барлығы да уақыт талабына толық жауап береді. Минаға қарсы қорғанысы мықты. Кез келген атыс қаруларына шыдайды. Онда сыртқы және ішкі байланыс радиостансасы орнатылған. Сағатына 100-120 шақырымды алады. Климаттық жағдайға бейімделген. Бүгінде бұл бронтранспортерлер көптеген мемлекеттердің қызығушылығын туғызуда. Әлемдік нарыққа да қабілетті.
Одан кейін бас қаладағы «Еурокоптер Қазақстан инжиниринг» кәсіпорнында құрастыратын ЕС-145 тікұшақтарын айтуға болады. Бұл - ТМД көлемінде осындай тікұшақтар құрастыратын жалғыз зауыт. Кәсіпорын жылына кемінде 8-10 тікұшақ шығарады. Олардың бәрі де мемлекеттік құрылымдарда пайдаланылады. Сөйтіп, Қазақстан өз тарихында әскери тікұшақтар құрастыратын елге айналды. Ал елордадағы үшінші кәсіпорын... Оны кейін баяндаймыз. Оны өзіміз барып, көзімізбен көрдік.
Сондай-ақ, Алматы облысында радиолокациялық техника өндіретін «Гранит-Талес Электроникс» зауытын айтсақ дейміз. Осындай жоба қазақстандық әскердің қажеттілігін, сондай-ақ осы өңірлердегі мемлекеттерді қамтамасыз ету үшін Орта Азияда алғаш рет жүзеге асырылды. Елімізде өндіріске жоспарланған радиолокациялық стансалар өзінің техникалық сипаттамасы бойынша радиолокациялық барлауға және әуе кеңістігін бақылауға арналған әлемдегі ең үздіктердің бірі саналады.
Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласындағы «Зенит» Орал зауыты» кәсіпорны жуырда №4 «Маңғыстау» зымыранды-артиллериялық кемесін Каспий теңізіне түсіруін жүзеге асырды. Бұл кәсіпорынның мемлекеттік қорғаныс тапсырысына сәйкес жасалған 26-шы кемесі. Зауыттан шығатын кемелердің бәрі жаңа жүйемен жабдықталған. «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ заман талабына сай жаңғыртылған ЗУ-23-2 зениттік қондырғысын шығарады. Жаңғыртылған ЗУ-23-2 зениттік қондырғысы төмен биіктікті әуе нысаналарымен - әуе шабуылының заманауи құралдарымен күрес жүргізуге, соның ішінде ұшақтармен, тікұшақтармен, қанатты зымырандармен және қашықтықтан басқарылатын ұшатын аппараттарымен ұрысты жүргізуге мүмкіндік береді. Ал «Семей инжиниринг» кәсіпорны броньды танк қару-жарағы мен техникаларын дайындау және оларды жөндеу жұмыстарымен айналысады. Бір сөзбен айтқанда, бұлардың бәрі де отандық брендке айналған өнімдер деп ауыз толтырып айта алмыз.
Тұжырып айтқанда, еліміздің қорғаныс саласының қанаты қатайып, биіктеп келеді. Әсіресе, осы бағыттағы өз өнімдеріміздің сапалылық жағынан әлемдік деңгейге көтерілуі - үлкен мақтаныш. Біртүрлі көңіліңізді қуаныш кернейді. Басқаны қайдам, өзіме солай көрінді.