Еліміздің жерін сақтап қалудағы хандарымыздың еңбегін де ұмытпаған жөн - Саялбек Ғиззатов

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ұлы мәртебелі тәуелсіздігімізге ширек ғасыр толып отырған тұста еліміздің жерін қорғап, кейінгі ұрпақ үшін сақтап қалудағы хандарымыздың еңбегін де ұмытпаған жөн. Осы орайда Еділ мен Жайық өзені аралығындағы жерді қазақтың мәңгілік атақонысы қылудағы Бөкей мен Жәңгір хандардың рөлі айрықша. Бұл ретте тарих ғылымдарының кандидаты, БҚО дін істері басқармасының бөлім басшысы Саялбек Ғиззатов сол кезеңнің мән-маңызы мен ерекшеліктері жөнінде ҚазАқпарат тілшісіне былайша әңгімелеп берді.
None
None

- Еділ мен Жайық өзендері аралығындағы кеңістікті көптеген ғасырлар бойы көшпенді тайпалар мен халықтар мекендеді. Ерте замандарда бұл жерлерде сақ, сарматтар тұрақтаса, біздің дәуірімізде түркі тілдес мемлекеттер пайда болды, деді ғалым. XIII ғасырда монғол тайпалары осы өңірдегі қыпшақтарды бағындырып, өз мемлекетін құрды. Кейін XV ғасырда монғол империясы өз-өзінен ыдырап, бірнеше ұсақ хандықтарға бөлінеді. Нәтижесінде ХVІ ғасырда Еділ-Жайық аралығын түркі тілдес халықтар ноғайлар мен қазақтар бірігіп жайлаған. Бірақ бейбіт өмір ұзаққа созылмады. XVII ғасырдың бас кезінде ел тұтастығын сақтай алмай, өзара қырқысып жатқан қалмақтардың бір бөлігінің орыс мемлекеті бодандығына өте бастауы байқалды. 1628 жылы Жоңғария аймағынан шыққан қалмақ көші 1629 жылдары Ембі өзеніне, 1630 жылы Еділ өзеніне жетті. Қалмақтар жергілікті жерлерде ноғай руларымен қақтығысып, оларды ығыстыра бастаған. Осылайша Ембі, Ойыл өзендері бойынан Нарын құмы мен Боғда тауына қарай көшіп-қонған қалмақтарға қатысты Ресей үкіметі 1655 жылы сәуір айында арнайы Жарлық шығарып, Еділ-Жайық өзендері аралығынан жер берді. Кейіннен Еділ қалмақтары түрлі саяси-экономикалық себептерге байланысты 1771 жылы тарихи Отаны Жоңғарияға қарай үдере көшті. Ал 1801 жылы Еділ мен Жайық аралығына Кіші жүздің қазақтары ресми рұқсат арқылы өте бастады.

- Саялбек Махамбетұлы, Еділ мен Жайық аралығындағы біраз аумақты жайлаған Бөкей хандығы құрылуының себептерін тарқатып өтсеңіз?

- Иә, бұл жөнінде тарихшы ғалымдардың бірнеше пікірлері мен тұжырымдары жинақталып қалды. Біз өз кезегімізде хандықтың құрылуының басты себебі ретінде, біріншіден, қазақтардың өз атақонысын қайтарып алуға деген ұмтылысын көрсетеміз. Екіншіден, Ресей империясының қалмақтарға қатысты ұстанған саясатының бірқатар кемшіліктері олардың тарихи Отаны Жоңғарияға үдере көшуіне әкеліп соқты. Бұл дерек тарихшылардың назарынан тыс қалып келді. Осы орайда Ресей империясының қалмақтарды ешқайда жібергісі келмегендігін атап өткен жөн.

1801 жылы патша үкіметінің Кіші жүз қазақтарын ішкі тарапқа өткізу жөнінде бірқатар қаулылар қабылдауынан соң көші-қон үрдісіне дайындық басталып кетті. Жайық өзенінің оң жақ бетіне өтуге ноғай руының старшыны Ислам Құрманқожаев алдымен рұқсат алғанымен, жетекшілік рөлді ірі көшбасшы, сұлтан Бөкей Нұралыұлы иеленген болатын. Бірнеше айға созылған тыңғылықты дайындығынан соң сұлтан 1801 жылы 20 желтоқсанда негізінен өз туысқандарынан тұратын 183 шаңырақты ішкі тарапқа бастап өтеді. Зерттеуші И.А.Бирюковтың келтірген мәліметі бойынша осы көште 740 адам, 1366 ірі қара, 24 түйе, 3300 жылқы, 1250 қой есепке алынған. Ізінше Кіші жүз қазақтарының өзге де шаңырақтары Қосөзен аралығына ат басын бұрған. Бөкей сұлтанды ашық қолдаған алғашқы көшіп келушілер арасында бұрынғы Кіші жүз ханы Есім Нұралыұлының Сары, Ниетәлі, Айдынғали атты ұлдары, сұлтан Шығай Нұралыұлы секілді беделді тұлғалар кездеседі.

Алғашқы көшіп келушілерді бейқам өмір күтіп тұрды деп айтуға болмайды. Орданың алғашқы билеушісі, әрі ханы Бөкей Нұралыұлына өмірінің соңына дейін көршілес халықтармен, яғни Орал казактарымен, Еділ қалмақтарымен, қондырау татарларымен, орыс помещиктерімен тілімдей жер үшін күрес жүргізуге тура келді. Өйткені 1801-1815 жылдардағы Бөкей Ордасындағы аграрлық саясаттың өзіндік ерекшеліктері болды. Әсіресе, 1801-1806 жылдардағы жер реформалары Ресей империясының тікелей ұйымдастыруымен жүзеге асырылды. Бұл кезеңде тұңғыш рет хандықтың шекарасы патша үкіметі тарапынан ресми түрде анықталды. Алайда Орал казактары 1801, 1808-1809 жылдары, помещик И.А.Безбородко 1803 жылы барлығы бейресми түрде үш рет межелеу жұмысын ұйымдастырды. Көрсетілген жер өлшеу жұмыстары құпия түрде өткізілуі себепті қазақтар шақырылмады. Жан-жағынан империя тұрғындарымен қоршалған бөкейліктерге сыртқы күштердің тегеурініне төтеп беруге, сөйтіп көшпелілер мен отырықшылар арасында өзіндік орнын иелену үшін ұмтылуға тура келді.

Әр түрлі келеңсіз оқиғаларға қарамастан Бөкей хан (1801-1815 жж.) тұсында Ішкі Орда қазақтарының әлеуметтік жағдайы жақсарып, мерейі тасыды. Тусырап жатқан шұрайлы далада мал көбейіп, сауда өсіп, дәулет артты. 1802 жылы хандықтағы халық саны 6300 шаңырақты құраса, 1814 жылы 8500 шаңыраққа ұлғайды. Ал төрт түлік саны 3 миллионнан асып жығылды.

Көршілес орыс елінде етек алған отырықшылық, елді сауаттандыру, мәдениетке көп көңіл бөлген Бөкей хан заманының заңғар ұлы бола білді. Прогрессивті, әрі өміршең саясат ұстанған Бөкей саяси, экономикалық, әлеуметтік дамуда үлкен жетістіктерге жете білді. Ол халықтың әл-ауқатын арттыру үшін сауда ісін жаңғыртуға да жан-жақты жағдай жасады. Билеушісіне, көсеміне риза болған халық «хан Бөкейдің тұсында секер шайнап, бал жұттық» деп текке айтпаса керек.

- Бөкей хандығының тарихы толыққанды зерттелді деп ойлайсыз ба, бұл жөнінде не айтар едіңіз?

- Бөкей Ордасы тарихының толыққанды зерттелінбей қалған тұстарының бірі болып 1815-1823 жылдар аралығындағы ерекше кезең саналады. Осы уақыт аралығында хандықта белең алған саяси, экономикалық, әлеуметтік оқиғалар күні бүгінге дейін тарихшылар тарапынан басты нысанаға алынған емес. Исатай, Махамбет, Жәңгір, Қайыпқалитанушы ғалымдардың өздері де бұл кезеңді толық аша алмады. Тіпті Орданың билеушісі Шығай Нұралыұлының атқарған саяси қызметі тиісті бағасын ала алмай келеді.

Шығай Нұралыұлы билігі тұсында хандық тұрғындарының балық шаруашылығына бет бұруы байқалды. Еділ, Жайық сияқты үлкен өзендер, Қамыс, Самар, Кума, Маныш сияқты кішігірім өзендер мен көлдер балық аулауға ыңғайлы келетін. Бұл жерлерде бөкейліктер балық кәсіпшіліктеріне жалданып еңбек еткен. Балықшылар балық өнімдерін тамақ ретінде тұтынып, жасырын түрде сауда орындарына тауар ретінде өткізіп, ақшаға айналдырып күн көрген. Мұндай «қылмыстармен» ұсталған қазақтар Ресей билігі тарапынан аяусыз жазаға тартылатын.

Шығай сұлтан билігі кезіндегі Бөкей Ордасындағы жер қатынастары шиеленісе түсті. Жерді пайдаланудың рулық қауымдық түрі үстемдік еткенімен, жайылым мен шабындықтың жетіспеушілігі айқын сезілді. Осы кезеңде алғаш рет ерікті және еріксіз түрде жерді жалға алу үрдісі пайда болды. Бұл кезеңде Ресей үкіметі хандықты аграрлық тұрғыдан реформалауға талпынбады. 1818-1821 жылдардағы Бөкей Ордасындағы халық қозғалысының тек саяси себептерін таныды. Ал қазақтардың экономикалық талаптары ескерілмей қалды. Мұның айқын дәлелін қосымша жайылыс көздерін ашып беруге тырыспауынан, Орданың территориялық тұтастығын сақтауға ұмтылмауынан көреміз. Жоғарғы билік өз әрекетін екі межелеу жұмысын ұйымдастырумен шектеді. Олардың қорытындылары да қазақтардың мүддесіне қайшы келді.

Ел билеушісі Шығай сұлтан қалыптасқан дәстүрлі ішкі жер қатынастарына өзгерістер енгізбеді. Ол көшпелі халықты отырықшылық өмірге баулуға әрекет жасады. Бөкей хан секілді Шығай Нұралыұлы да бүкіл күш-жігерін сыртқы жер қатынастарын реттеуге жұмсады. Осы мақсатта Орал казак әскерлерімен, қондырау татарларымен, помещик шаруаларымен, көршілес губерния тұрғындарымен күресуге тура келді. 

Ішкі Орда билеушісі қызметін атқарған Шығай Нұралыұлының саяси билігі ұзаққа созылмады. 1821-1823 жылдары хандық тақты иелену жолында белсенді күрес жүргізген Жәңгір Бөкейұлы саяси сахнада салмақ жинай бастады. Ордалықтар және көршілес губерния тұрғындары тарапынан кең қолдауға ие болған сұлтанға Орынбор губернаторы П.К.Эссеннің, Шекара комиссиясының, Сыртқы істер министрлігінің назары ауды. Отаршыл Ресей үкіметі «билікқұмар», «хандық тақты аңсаушы» Шығай сұлтаннан гөрі Бөкей ханның заңды мұрагері, империяға адал қызмет етуге дайын әрі сауатты Жәңгірді ел басқаруға лайық деп тапты. Осылайша 1823 жылдың 22 маусымында І Александр патша Жәңгір Бөкейұлын хан етіп тағайындау туралы арнайы грамотаға қол қойды.

- Өз халқын ағартушылыққа, ілім-білімге, Еуропа мәдениетіне жетелеген қазақтың соңғы хандарының бірі Жәңгірдің жер реформасын жүзеге асыруға тырысқаны мәлім. Осыған байланысты тарихи деректерге тоқтала кетсеңіз?

- Бүгінде қордаланған материалдар мен мұрағаттан жинақталған құжаттарға  сүйеніп, Жәңгір Бөкейұлының жер реформаларын екі кезеңге бөліп  қарастыра аламыз: 1) 1825-1830 жылдар; 2) 1831-1845 жылдар. Бұл экономикалық үрдісті былайша бөлудің сыры мынада: екі кезеңнің әрқайсысының өзіндік  ерекшеліктері, басым бағыттары, нәтижелері болды.

Хандық билеушісі Жәңгір  Бөкейұлының 1825-1830 жылдарда жүргізген аграрлық реформалары негізінен сыртқы жер қатынастарын реттеуге бағытталған. Тек 1825-1830 жылдар аралығында Бөкей Ордасы территориясына тікелей қатысы бар 6 межелеу жұмысы жүргізілді және оның үшеуіне ордалықтар қатыстырылған болса, қалған үшеуі құпия түрде жүргізілді. Хандықтың территориясын заңдық тұрғыдан бекітуге тырысқан Жәңгір хан үнемі Ресей үкіметіне, жергілікті губерния басшыларына, өзге де құзіретті органдарға жер өлшеу жұмыстарын ұйымдастыру туралы ұсыныс тастап отырды. Алайда жоғарғы билік Орда билеушісінің қалауын әрдайым орындай бермеді. Өйткені отарлаушы Ресей империясы қазақ көшпелілерін жермен жарылқаудың арты казак, орыс, қалмақ, татар сияқты халықтардың экономикалық мүддесіне соққы болады деп санады. Сонымен қатар арыз-шағымдарды қанағаттандырушы патша үкіметі хандықтың территориясын өлшеп, нақтылап беруге келіскенімен, барлық шығынды қазақтардың өз мойындарына артты. Межелеуге қажетті құралдарды және ағаш баған, көмір, кірпіш сияқты материалдарды әр тарап өздері табуы тиіс еді. Бұлардың бірде-біреуі Ішкі Орда территориясында өндірілмейтін-ді. Әрі межелеу ісіне қатысушы жер өлшеушілердің, депутаттардың, куәгерлердің тұрақтауына киіз үйлер, жүріп-тұруына түйе, жылқы, арбалар, тамақтануына мол азық-түлік қоры қажет болды. Осы орайда межелеу үрдісінің бірнеше айға, тіпті бірнеше жылға созылатындығын айта кеткен жөн. Ал 1825-1830 жылдары бірнеше жер өлшеу жұмыстарының жүргізілгендігін ескерсек, жалпы шығын көлемінің едәуір болғандығын байқаймыз.

Дегенмен сыртқы жер қатынастарын реттеуге бағытталған реформалардың қорытындылары мынадай болды: 1) 1825 жылдың 15 наурыз - 27 сәуір аралығында қазақ-татар шекаралары айқындалды және көп жылғы жер дауына ресми тұрғыдан нүкте қойылды. Бөкейліктер 1818 жылғы межелеу жұмыстары бойынша маңызды жер телімдерінен айырылса, арада жеті жыл өткен соң суы мол, шөбі шүйгін жайылыстарын қайтарып алды; 2) 1825 жылдың жазында бөкейліктер мен хошоут қалмақтары иелігі анықталды. Межелеу нәтижесінде қазақ көшпелілеріне құдықтары көп, шабындыққа қолайлы бірқатар телімдер берілді; 3) Өлке басшылығы мен сенатор Ф.Энгельдің талап етуімен 1828 жылы 3 мамыр - 20 шілде аралығында хандық территориясын межелеу жұмыстары жүргізілді. Орда шекараларын ресми тұрғыдан анықтауға бағытталған бұл жер өлшеу үрдісі хандық билік үстемдік еткен кезеңдегі үлкен ауқымды қамтыған алғашқы әрі соңғы шара болды. Нәтижесінде Бөкей Ордасының шекаралары белгіленіп, Қосөзен, Қамыс-Самар бойындағы және өзге де маңызды аймақтардағы жерлер ресми түрде қазақтардың көшіп-қонуына берілді; 4) Қазыналық жерлерді пайдалануға алу арқылы елдегі жалпы жайылыс көлемі ұлғайды. 1828 жылы Ресей Сыртқы істер министрлігі Азия комитетінің шешімі және патшаның арнайы Жарлығы бойынша бөкейліктерге Астрахань губерниясы Чернояр уезінен 673 274 десятина жайылыс берілді.

1825-1830 жылдардағы реформалар сыртқы жер қатынастарын реттеуге бағытталса, ал 1831-1845 жылдар аралығында ішкі жер мәселесін реформалау бірінші орынға шықты. 1831 жылдан бастап хан көлемді жайылыс көздерін ықпалды, ауқатты сұлтандарға, старшындарға, билерге үлестіріп, ірі жер иеліктерін қалыптастыра бастады.

Жалпы, Жәңгір ханның аграрлық саясаты қарама-қайшылыққа толы болды. Ел ішінде жүргізілген жер реформалары тек азшылықтың көсегесін көгертті, ал көпшіліктің экономикалық сұраныстары ескерілмеді. Өз туыстары мен айналасындағыларға шұрайлы жайылыстарды тарату арқылы қатардағы халықты оларға тәуелді етіп қойды. Осылайша, ішкі жер саясатының басты кемшіліктері көпшілік тұрғындардың жерсіз қалуынан, әлеуметтік жіктелістің күшеюінен, парақорлықтың жаппай етек алуынан, мал шаруашылығының дағдарысқа ұшырауынан, елдегі ұрлық-қарлықтың артуынан анық көрінді. Нәтижесінде Бөкей Ордасында 1836-1838 жылдары И.Тайманов пен М.Өтемісов жетекшілік еткен ұлт-азаттық қозғалыс және 1842-1843 жылдары А.Қошаев пен Л.Манатаев бастаған күрес болып өтті.

Ал сыртқы жер қатынастарын реттеуде Жәңгір хан көрші халықтармен табанды күрес жүргізді. Ол билік еткен кезеңде жер мәселелері мейлінше ушықты және Ресей империясының қоныстандыру саясаты тез қарқынмен жүргізіле бастады. Нәтижесінде хандықтың барлық бөлігі даулы аймаққа айналды. Жәңгірдің сыртқы жер саясаты Орданың шекараларын нақтылау, көрші халықтардың басқыншылық әрекеттерін тыю және ел территориясын мүмкіндігінше кеңейту бағытында жүргізілді.

Ішкі Орданың соңғы ханы Жәңгір Бөкейұлы 1845 жылы 11 тамыз күні қаза тапты. Хандық билікті жоюды көксеген Ресей империясы дереу Уақытша кеңесті құрды. Жаңа саяси институт Ресей империясының бақылауында болды және ұлттық мүддені қорғай алмады. Нәтижесінде Бөкей Ордасы көрші халықтармен арадағы жер дауында ұтыла бастады.

Ия, еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ел, жер үшін күрескен хандарымыздың еңбегін жас ұрпаққа насихаттағанымыз жөн. Қазақ елінің бүгінде әлемде жер көлемі бойынша тоғызыншы орынды иеленуіне Бөкей хандығының өзіндік үлесі тиді. Бұл өз кезегінде атақонысқа ұмтылған бабаларымыздың, оларды өз айналасына топтастыра білген білікті басшылардың арқасында мүмкін болды. Бөкей Ордасы билеушілерінің жүргізген саясаттарында айырмашылықтар болды. Бірақ барлығына бірдей ортақ қасиет олардың тілімдей жер үшін сыртқы жаулармен күресуінде деп білеміз.  

Соңғы жаңалықтар