Еліміздің ЖІӨ-сі 1,5 еседен астам өсті
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық экономика министрлігі 2025 жылдың қорытындысы бойынша экономикалық өсімді жариялады.
Министрліктің мәліметіне жүгінсек, 2025 жылдың қорытындысы бойынша жан басына шаққандағы ЖІӨ 15 мың АҚШ долларына жетіп, 2018 жылмен салыстырғанда 52,9%-ға артты (2018 жылы 9,8 мың АҚШ доллары болған).
— Жан басына шаққандағы ЖІӨ өсіміне ел экономикасының тұрақты дамуы ықпал етті. Экономиканың номиналды көлемі 2018 жылғы 61,8 трлн теңгеден 2025 жылы 159,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Былтыр экономиканың көлемі 306 млрд АҚШ долларына жетіп, 2018 жылғы деңгейден 70,6%-ға жоғары болды, — делінген хабарламада.
Толығырақ айтқанда, 2019-2025 жылдар аралығында ЖІӨ өсіміне экономиканы және инвестицияларды әртараптандыру, негізгі салаларды (өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік және қойма, сауда) инвестициялау және дамыту, бәсекеге қабілеттілікті арттыру, инвестициялар тарту және әлеуметтік-экономикалық реформаларды ілгерілету әсер етті.
Нақты сектор дәстүрлі түрде экономикалық өсімнің негізгі драйверіне айналды. Аталған кезеңде тауарлар өндірісі 38,8%-ға өсті. Құрылыс көлемі 2,4 есе, өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс 41,8%-ға, ауыл шаруашылығы 25,6%-ға, тау-кен өнеркәсібі 14,9%-ға артты.
— Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және экономиканың нақты секторындағы оң серпін қызмет көрсету саласының 22,1%-ға өсуіне ықпалын тигізді. Саудадағы өсім 44,1%, көлік қызметтерінде 38,4%, байланыс саласында 56,4% болды. Ал негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 65,9%-ға ұлғайып, 23,5 трлн теңгеге жетті, — деп мәлімдеді Ұлттық экономика министрлігі.
Сондай-ақ, 7 жыл ішінде 55,7 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Ал өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын қолдау және басым экспорттық нарықтарға шығу мүмкіндіктерін кеңейту бойынша жүргізілген белсенді жұмыс оң нәтиже көрсетті. Атап айтқанда, шикізаттық емес экспорт көлемін 1,8 есе арттырып, 15,8 млрд АҚШ долларынан 28,8 млрд АҚШ долларына дейін жеткізуге мүмкіндік берді.
Одан бөлек, мұнай өндіру көлемі 9,2 млн тоннаға ұлғайып, 2025 жылдың қорытындысы бойынша 99,6 млн тонна болды.
Экономикадағы еңбек өнімділігі 21,7%-ға өсті. Оның ішінде құрылыс саласында — 2,3 есе, ауыл шаруашылығында — 66,3%-ға, өңдеу өнеркәсібінде — 32%-ға, саудада — 28,9%-ға ілгеріледі.
Айта кетейік, бұған дейін Елімізде 2026 жылғы қаңтар-маусым айларында ЖІӨ 4,1% өскенін жазғанбыз.