Еліміздің жоғары саяси басқару жүйесі толықтай жаңартылады - саясаттанушы

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы еліміздегі саяси реформалардың жаңа кезеңіне жол ашты. Осыған орай саясаттанушы, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің аға оқытушысы Тұрар Шайхиев өз ой-толғамдарымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Оның айтуынша, Жолдаудағы ең басты саяси жаңалық, бұл – Мемлекет басшысының еліміздің саяси жүйесінің тұрақтылығын сақтаумен қатар, жаңа геосаяси тәуекелдер мен ішкі саяси сұраныстарға жедел әрі тиімді жауап беру мақсатында осы жылдың күзінде Президент сайлауын өткізу туралы жоғары деңгейдегі саяси шешім қабылдауы.

-Қазіргі әлемде саяси өзгерістер көз ілеспес шапшаңдықпен өтіп жатыр. Сыртқы әлемде немесе ел ішінде болған кез-келген саяси өзгерістер оларға жедел әрі тиімді жауап беруді талап етеді. Олай болмаған жағдайда, бұл ішкі саяси тұрақтылық пен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зиян тигізуі мүмкін. Сондықтан, Президенттің өзі атап өткендей, келесі жылдың ортасына дейін еліміздің жоғары саяси басқару жүйесі толықтай жаңартылуы тиіс, - дейді саясаттанушы.

Оның пайымдауынша, сол себепті осы жылы күзде Президент сайлауы өтетін болса, келесі жылдың көктемінде Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейлердегі мәслихаттар сайлауы кезек күтеді. Содан кейін ғана жаңа Үкімет құрамы жасақталады. Әрине, Президент сайлауы өткен соң, Үкімет өз өкілеттігін тоқтатады. Сондықтан Үкіметтің жаңа құрамы неліктен Парламент Мәжілісі сайлауынан кейін жасақталатындығына да Президент өз Жолдауында нақты жауап беріп өтті.

«Болашақта Үкімет құрамында Парламент Мәжілісі сайлауында жеңіске жеткен барлық саяси партиялар өкілдерінің де болуы көзделуде. Әлемнің барлық дамыған демократиялық елдерінде Үкімет құрамы осылай жасақталады. Қорыта айтқанда, Президент Жолдауы демократиялық әрі әділетті «Жаңа Қазақстанның» ауқымды саяси жоспары және еліміздегі саяси реформалардың жаңа демократиялық либералды кезеңіне жол ашқан саяси құжат болды», деп түйіндеді ойын Тұрар Төлегенұлы.


Соңғы жаңалықтар