Елімізге инвестиция салуға барлық мүмкіндіктер жасалған

Қазақстанда бұл міндет тәуелсіздік алған жылдардан бері өз шешімін тауып келеді. Кейбір деректерге қарағанда, тәуелсіздік жылдары ішінде елімізге 255 миллиард доллар тікелей шетел инвестициялары тартылған. Бизнес ахуалы неғұрлым қолайлы елдердің әлемдік рейтингінде республика 183 елдің ішінде 47-ші орын алады. Шетел инвестициялары үшін туғызылған қолайлы жағдайлардың арқасында бүгінде Қазақстанда жан басына шаққандағы инвестициялар шамамен 1,3 мың долларды құрап, ТМД елдері арасында көш бастаушылар сапында тұр. Елімізге инвестициялар тартуда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық жоғары беделінің, сондай-ақ, елдегі саяси тұрақтылықтың үлкен рөл атқарғанын да айта кету орынды. Оған егемендіктің елең-алаң шағында көптеген халықаралық келісімдерге Елбасының шетелдерге ресми сапарлары барысында қол қойылуының өзі-ақ дәлел болады.
Кеңес Одағының ыдырауы, соның нәтижесінде одақтас республикалар арасында ұзақ жылдар бойы қалыптасқан шаруашылық байланыстардың үзілуі салдарынан өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында посткеңестік кеңістікте өте ауыр экономикалық ахуал қалыптасты. Сол уақыттардағы жағдайдың іс жүзінде қандай болғанын мына бір деректерден-ақ айқын аңғаруға болады. Мәселен, 1990 жылдың 1-ші тоқсанында ғана КСРО-да инфляция 119 пайызға жетті. Ал 1991 жылы ұлттық табыс 13 пайызға құлдырады. Дәл осы жылы мемлекеттік бюджет тапшылығы ішкі жалпы өнімнің 20 пайызын құраған.
Қазақстан тәуелсіздігін алып, дербес мемлекет болуға бетбұрыс жасаған шақтағы нақты ахуал дәл осындай еді. Бұл сияқты «мұрамен» алысқа барудың мүмкін еместігі айтпаса да белгілі жағдайға айналды. Олай болса, не істеу керек? Іргетасын енді ғана қалауға кіріскен жас мемлекеттің алдында осындай сауал бой көтерді. Әрі-бері ойлана келгенде, мұндай тұйықтан шығудың, сөйтіп қимылсыз қалған экономикаға жан бітірудің бір ғана жолы көзге ұрып тұрды, ол - шетелден тікелей инвестициялар тарту болатын.
Ішкі қаржыландыру көздерінің шектеулілігі жағдайында Қазақстан Республикасы Үкіметінің ел экономикасын белсенді түрде жаңғырту және реформалау мәселелері жөніндегі іс-қимылдар бағдарламасы негізінде республика экономикасына шетел капиталын тарту айрықша маңызға ие болды. Сөйтіп, алға қойылған экономикалық міндеттерді орындау мақсатында өндірістік инфрақұрылымды жақсартуға, жаңа жоғары технологиялы өндірістер құруға, негізгі қорларды жаңғыртуға және елдің бірқатар кәсіпорындарын техникалық жағынан қайта жарақтандыруға, жоғары білікті мамандар мен жұмысшылар даярлауға, менеджмент пен маркетингтің озық жетістіктерін енгізуге, ішкі рынокты отандық өндірістің сапалы тауарларымен толықтырып, сонымен бірге, экспорт көлемін ұлғайтуға сырттан тартылған шетел инвестицияларын бағыттау қажеттігі туындады.
Нарықтық қатынастарды қалыптастыру үдерісінде Қазақстанда экономиканы жедел жаңғырту үшін ішкі қаржылар мен ресурстар тапшылығы мәселесі ғана шешіліп қойған жоқ, сол сияқты, дамудың және өзінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын нығайтудың жолына жаңа ғана тұрған жас тәуелсіз ел шетел инвесторларының назарын аудару үшін қолайлы инвестициялық климат құруға да мұқтаж болды. Инвестициялық климат - ол нарықтық реформалардың пісіп-жетілгендігінің критерийі, ол әлемдік қоғамдастықтың жекеменшік құқығының тұрақтылығына және бүтіндей алғанда елдегі жағдайға деген сенімі. Осылайша, 1996 жылы Қазақстанның халықаралық қаржы рыногына шығуын жүзеге асыру мақсатында жүргізілген несиелік-рейтингтік тұсаукесер нәтижелері бойынша үш жетекші халықаралық агенттік алғаш рет елге жоғары халықаралық несиелік рейтинг берді.
Қазақстан Республикасы Үкіметіне шетел инвесторларының қызметі мен олардың мүдделеріне сәйкес келетін инвестициялық климат жасау үшін қолайлы әлеуметтік, қаржы-экономикалық және құқықтық режім қалыптастыру тұрғысында барлық күш-жігерін салуға тура келді. Ақыры, жүргізілген тиянақты да қажырлы жұмыстардың арқасында бүгінде барлық проблемалар кезең-кезеңмен шешімін тауып, алға қойылған міндеттерге де біртіндеп қол жеткізілуде.
1994 жылдың 24 желтоқсанында «Шетел инвестициялары туралы» заң қабылданып күшіне енді. Ол шетел инвесторларының құқықтық режімін айқындап, оларды жүзеге асырудың формалары мен шетел инвестицияларын салу нысандарын белгілеп берді. 1997 жылдың 19 маусымында қабылданған «Жеке кәсіпкерлік туралы» заңға сәйкес жұмыс істейтін адамдар саны 50-ден аспайтын және жыл ішіндегі активтерінің құны 60 мың АЕК-тен аспайтын шетелдік ұйымдар шағын кәсіпкерлік субъектілері болып танылды. Қазақстан экономиканың басым секторларына тікелей шетел инвестицияларын тарту бойынша белсенді ақпараттық таныстыру жұмыстарын жүргізуді қолға алды. Осылайша, 1997 жылы Алматыда «Қазақстандық инвестициялық саммит» атты алғашқы форум өткізіліп, оған 17 елден 52 компанияның және екі халықаралық ұйымның басшылары мен өкілдері қатысты. 1997 жылдың қыркүйегінде Лондонда «Қазақстанға инвестиция сала отырып» атты халықаралық конференция табысты өтті. Оның басты мақсаты Қазақстанның жаңа инвестициялық мүмкіндіктеріне шетел инвесторларының назарын аудару болып табылды.
Ойымызды қорытындылай келгенде Қазақстанда бүгінгі таңда италиялық Eni, франциялық Total, англиялық British Gas, америкалық Chevron, қытайлық CNPC, ресейлік Лукойл сияқты ірі-ірі мұнай компанияларының жұмыс істеп жатқанынан айта кеткен орынды. Бұлардың қатарына кен өндірісімен айналысатын ERG, Арселор Митталл сияқты компанияларды да қосуға болады. Ал, егер шетел инвестицияларына елімізде қандай ғимараттар бой көтерді дегенге келер болсақ, бұл орайда бірінші кезекте Парламент үйін, Сұлтан Хазірет мешіті мен «Нұр-Астана» мешітін, «Интерконтиненталь» қонақүйін атауға болады. Біз тек ең басты дегендерін ғана келтіріп отырмыз. Болмаса бұл тізімді одан әрі де соза беруге әбден болады.
Жалпы, Қазақстанның елге тартылған шетел инвестицияларын тиімді пайдалануы және осы бағыттағы жоғары инвестициялық белсенділік - ол елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, жаңа ғылыми-техникалық негізде өндірістік әлеуетті қалыптастыруға, нарық экономикасының табысты орнығуы мен дамуына, оның құрылымдық жаңаруларының жүзеге асуына, сондай-ақ, әлемдік рыноктағы бәсекелестік позицияларды нығайтуға, өзара тиімді халықаралық экономикалық байланыстар орнатуға жағдай жасайтын басым да ажырағысыз шарттар болып табылады. Яғни, республика басшылығының елімізге тікелей шетел инвестицияларын тарту тұрғысындағы кең ауқымды жұмыстары болашақта да осы бағытта жүргізіле бермек.