Елімізге келетін еңбек мигранттарына салық салынатын болады
Министр орынбасарының айтуынша, заң жобасы Еңбек және Салық кодекстеріне өзгерістер енгізуді қарастырады. «Атап айтқанда, жеке тұлғалар қарамағында еңбек етуге келетін шетелдік жұмысшымен еңбек келісімшарттары жасалады. Ал Салық кодексі еңбек мигранттарына жеке табыс салығын салу тәртібін реттейтін нормамен толығады. Бұл ретте көшіп-қонушы жеке еңбек салығы бойынша 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (3 мың 236 теңге) алдын ала төлем жасайды. Бұл рұқсат берілетін әрбір айға төленеді», - дейді Қайрат Тыныбеков.
Оның айтуынша, аталған салықтық норма енгізілсе, бюджетке түсетін болжамды қаражат жылына 4 пен 6 млрд. теңге шамасында жоспарланады.
«Бұндай норма елімізге визасыз тәртіппен келетін ТМД азаматтарына, оның ішінде заңсыз еңбек мигранттарының басым бөлігін құрап отырған Орталық Азия өңірі елдеріне бағытталады. Ал рұқсатнама 1-3 айларға беріліп, кейіннен ұзартуға жатады. Ал Қазақстанда болатын ең жоғары мерзім 1 жыл», - дейді Қ. Тыныбеков. Бұл ретте еңбек мигранттарымен рұқсатнама бойынша еліміздің жеке тұлғаларында үй шаруашылығында, құрылыс жұмыстарына қызметтер көрсету туралы еңбек келісімшарттары жасалады.
«Заң қабылданса, еліміздегі заңсыз еңбек мигранттарын заңдастыруға, олардың келуіне бақылауды күшейтуге тиімді тетік қалыптастырады. Екіншіден, еңбек мигранттарының салығы есебінен бюджет түсімі артады. Еңбек мигранттарының қызметі «көлеңкелі экономикадан» шығарылып, сыбайлас жемқорлықтың жолы кесіледі. Ең ақыры еңбек көші-қоны бойынша нақты статистика алып, осы рыноктың жағдайын сараптауға серпін береді, болжам жасап, еңбек нарығын дамытуға жағдай жасайды», - дейді Қ. Тыныбеков.