Елизавета Липисей: Ит-мысықты қорлаған адам баланы да, қартты да, мүгедекті де аямайды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат тілшісі қараусыз қалған үй жануарларына пана болатын жерге барып қайтты. Бұл мақаладан ол жерде өмір сүріп жатқан ит пен мысықтардың жағдайы туралы оқисыздар.
None
None

Жануарларды қорлау мен күш көрсету фактілерін көрген кезде кеудесінде жаны бардың бәріне қамқорлықпен қарау керектігі туралы заңдылықты қалай қалпына келтіруге болатыны туралы ойланасың. Бұл мәселе көбінесе қараусыз қалған үй жануарларына қамқорлық танытып, оларды емдеу, оңалтумен айналысатын адамдарды көбірек толғандырады.

2019 жылдың ақпан айынан бастап қараусыз қалған үй жануарларына пана болатын орын ашылды. Қазіргі уақытта бұл жерде 56 мысық пен 65 ит бар. Үш адам оларды тамақтандырып, серуендетіп, күтіп-баптайды. Ол жерден кавказ овчаркасы мен алабай тұқымды иттерді де көруге болады. Ол жердегі үй жануарлары адамның назарын, қамқорлығын қажетсінеді. Иттердің ең үлкені 7 жаста болса, ек кішкентайы 1 айлық, ал мысықтың ең үлкені 8 жаста болса, ең кішкентайы 1 айлық. Бұл жерге келген ит, мысық бастапқыда карантинге орналастырылады. Ол кезде үй жануарының денсаулығы бақылауға алынып, айналасындағы басқа ит-мысықтарға зиян тигізетін-тигізбейтіні сараланады.


«Үй жануарынан қорқатын бала көп. Біз балалар терапиясымен де жұмыс істейміз. Қалада өскен балалар ит пен мысықты суреттен ғана көрген болуы мүмкін, біз бұл жағдайды түзеткіміз келеді. Бізге балаларына ит пен мысықтың қандай болатынын, олардың адамға қауіпті емес екенін көрсеткісі келетін ата-аналар келеді. Ең бастысы – баланың ит пен мысықтың тілін таба білуі», - дейді үй жануарларына пана болатын «Я живой» деп аталатын жердің қараушысы және қордың құрылтайшысы Елизавета Липисей.


Расымен, ит, мысықпен дос болудың адам үшін еш зияны жоқ.

«Үй жануарларын қорлау – үлкен мәселе. Адамдар ит пен мысық не үшін керек екенін түсінбейді. Тіпті бізге келіп «Мұның бәрін не үшін асырайсыңдар? Өлтіре салмайсыңдар ма?!» деп кейіп кететіндер бар. Мұндай сөз есту көңілге қаяу түсіреді. Бұл тұрғындардың менталитетіне де байланысты. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау» туралы заң қабылдануы мүмкін. Бұл қуанарлық жағдай, бірақ адамдар жануарларға деген көзқарасын өзгертпей – ештеңе де көмектеспейді», - дейді ол.


Бұл жерде тұратындардың таңы ит, мысыққа тамақ берумен басталады. Таңғы астан кейін бәрі аулада ойнап, одан кейін бәрі өз орнына кетеді. Оларда да «тыныштық сағаты» болады. Оянғаннан кейін тағы да ойнап, тамақ ішіп, қайтадан ұйықтайды. Араларында қабаған иттер де бар, сондықтан оларды қарғыбаудан босатпай, бөлек орналастыруға тырысады.

«Бізден қашатын ит, мысық та бар. Бір иттің соңынан екі апта жүгіргеніміз бар. Ол қаланың бір жағында, біз екінші жағында тұрамыз, соған қарамастан оны ұстап алып, өзімізге паналаттық. Ит атқыштарды шақыратындар да бар, иттерді олардан құтқарып қалған кезіміз де болды», - дейді ол.


Бұл жерді паналайтын ит, мысықтардың әрқайсысының паспорты бар. Құжатта оларға вакцина салынғаны, зарарсыздандырылғаны, кастрация жасалғаны, жынысы, тіпті жасы мен түсіне дейін жазылады. Сол себепті бұл жердегі ит, мысықты асырап алғысы келгісі келетіндер күдіктеніп, қорықпай-ақ қоюына болады. Ит, мысықтарды асырап алғысы келетіндерге арнап Instagram-да парақшасы ашылған. Ол жаққа осы жерде тұрып жатқан ит, мысықтың суреттері жарияланады.

Елизавета Липисейдің айтуынша, мамыр айынан бастап елордалық әкімдік иттерге арналған сүйек пен туралған тауық етін беретін болған. Әр апта сайын жарты тонна ет өнімі беріледі.

«Бізге көбінесе медициналық бұйымдар қажет болады. Кейде азық-түлік өнімдерін бізге жеңілдікпен сататындар кездеседі. Ал дәрі-дәрмекке қатысты мұндай жеңілдік жоқ. Сондай-ақ, ғимаратты жалдауға қатысты және үй жануарларына қараушыларға төленетін жалақыға қатысты туындайтын мәселе бар», - дейді Елизавета Липисей.


Бұл Instargam парақшасына осы ит, мысықтарға қараушылар қаражат жинауға көмек сұрайды. Иттер ет, туралған ет жеп, сүйек кеміріп, көже ішеді. Мысықтар тауық еті немесе балық жейді. Оларды таңертең және кешке тамақтандырады. Оларға бас-көз болушылардың айтуынша, үй жануарларымен тіл табысу қиын емес, бастысы – ол жердің иесі кім екенін көрсете білу.

«Тіпті ірі иттермен де ойнаймыз. Кейде өзін осы жерге өткізген иелері келеді, сол кезде көздері жайнап, жанына жақын адамын бірден біліп, сезіп қояды. Осы маңда өзен бар, сол жаққа күн сайын барып, жуындырып аламыз. Мысықтар адамдар сияқты сезімтал, нәзік жанды болады. Бір мысықты иесі бізге қалдырып кеткен кезде ол өкпелеп, бұрышқа отырып алды. Қасына жақындаған мысықтарды тістеп, ешкімді жуытқысы келмеді. Олар жанға жайлы жер қандай болуы керек екенін біледі. Олар үшін үй мен осындай пана тұтатын жердің айырмашылығы жер мен көктей», - дейді үй жануарларына қараушы.


Оның айтуынша, ешкім баласына үй жануарын қалай күту керек екенін үйретпейді. Сол себепті иттерді тұншықтырып, атып, тіпті өртеп жіберген жағдайлар болады.

«Үй жануарына мұндай қорлық көрсеткен адам ондай қорлықты балаларға да, қарттарға да, мүгедектерге де көрсетуі мүмкін. Бұл – қоғамға төнген қауіп. Баланың осындай видеоларды ғаламтордан көруінің өзі психологиялық тұрғыда соққы алғанмен бірдей. Алдағы уақытта бұл жер ветеринарлық кабинеті бар оңалту орталығына айналады. Бұл жерге әртүрлі жарақат алып түскен үй жануарлары осы жерде емделетін болады», - дейді «Я живой» қорының құрылтайшысы Елизавета Липисей.


Соңғы жаңалықтар