Ел мектептерінде садақ атудан тегін секциялар іске қосылады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Ірі қалалардағы мемлекеттік мектептерде пилоттық жоба аясында садақ атудан тегін секциялар ашыла бастады. Бұл бастама салауатты өмір салтын насихаттауға және ұлттық спорттың қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

стрельба из лука
Фото: Kazinform/ЖИ

ҚР Ұлттық Садақ ату федерациясының атқарушы директоры Еділ Темірбековтің айтуынша, мектеп — балаларды осы спорт түрімен таныстыру үшін ең қолайлы алаң. Садақ ату оқушылардың зейінін шоғырландыруға, сабырлыққа, төзімділік пен өзін-өзі бақылау қабілетін дамытуға көмектеседі.

Жоба Туризм және спорт министрлігінің, Спортты дамыту дирекциясының және өңірлік әкімдіктердің белсенді қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Мемлекеттік қолдау өңірлерді қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуден бастап, білікті кадрларды даярлауға дейінгі негізгі материалдық-техникалық мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Садақ ату — техникалық тұрғыдан күрделі спорт түрі, мұнда жабдықтар (садақ, жебелер) баланың жеке физикалық көрсеткіштеріне қарай таңдалады. Мемлекет қолдауы жас қазақстандықтардың заманауи әрі қауіпсіз жабдықтармен тегін жаттығуы үшін материалдық базаны жаңартуға көмектесепек.

Мектеп топтарын дамыту — бұл спорттық резервті даярлаудың жүйесін құрудың бірінші кезеңі. Ең қабілетті оқушылар болашақта арнайы спорт мектептері мен секцияларына ауыса алады. Жас садақшылар тұрақты тәжірибе жинақтауы үшін елде Қазақстан Республикасының жастар лигасы белсенді түрде дамып келеді. U-15 және U-18 жас санаттарына арналған жарыстар бүкіл елден келген жастарға сайысқа түсіп, бабын сақтауға және өз жетістіктерін шынайы бағалауға мүмкіндік береді.

— Біз бірізді модельді қалыптастыруға ұмтыламыз: балаларға арналған мектеп секциясы, U-15 лигасы, U-18 жарыстары, U-21 жастар құрамасы және соңында ұлттық команда. Әрбір талантты бала бірінші жебесінен бастап үлкен ареналарға дейінгі өз жолын нақты түсінуі тиіс, — деп атап өтті Еділ Темірбеков.

Кадрлық әлеуетті нығайтудағы келесі қадам Астана қаласындағы Қазақстан ұлттық спорт университетінің базасында Садақ ату арнайы академиясын ашу болмақ. Бұл орталық жаңа жаттықтырушыларды, төрешілерді және сала мамандарын оқытумен айналысады. Қазіргі уақытта республиканың ресми тізілімінде 1 207 спортшы мен 95 диплом алған жаттықтырушы тіркелген, ал мектеп жобалары арқылы бұл көрсеткіштерді жүйелі түрде арттыру жоспарланып отыр.

Еске салайық, Қазақстан Азия Пара ойындарында садақ атудан алғаш рет күміс медаль еншіледі.