Эльмира Төлегенова мен Ерболат Жанабыловқа қатысты іс Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне берілді
АСТАНА. KAZINFORM – Астанадағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында блогерлер Эльмира Төлегенова мен Ерболат Жанабыловқа қатысты әкімшілік құқықбұзушылық ісі қаралды. Іс материалдары қылмыстық құқықбұзушылық белгілерінің болуына байланысты Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданды.
                                              Сот қаулысында әкімшілік іс өндірісі қылмыстық қудалау шеңберінде қаралуы тиіс деген негізбен тоқтатылғаны айтылған.
– «Жеке кәсіпкер «Элер» атынан әрекет еткен Жанабылов Ерболат Нұрлыбекұлына қатысты іс материалдарын Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолдау туралы қаулы етті, – деді судья Ақерке Бектұрғанова.
Сот сондай-ақ Ерболат Жанабыловтың жұбайы – блогер Эльмира Төлегеноваға қатысты да дәл осындай шешім қабылдады. Оның іс материалдары Қаржылық мониторинг агенттігінің Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданады.
Еске сала кетсек, Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенованың әрекетін Туризм және спорт министрлігі назарына алған болатын. Блогерлер Instagram желісінде 11 автокөлікті ойнататынын хабарлаған еді.