Еліміз атом электр стансасын салуға қаржыны қайдан алмақ
АСТАНА. KAZINFORM — Әзірге атом электр стансасын салуға қаржының қандай көзден алынатыны нақты белгісіз. Дегенмен Ұлттық экономика министрінің орынбасары Арман Қасенов бірнеше әлемдік тәжірибені мысалға келтірді.

— Алдымен жеткізуші анықталады, содан кейін жоба құрылымы дайындалады. Содан соң жобаның өзі, оған қолданылатын технологиялар мен оның құны бойынша нақтылау жұмыстары жүргізіледі. Әзірге бұл мәселелер ашық күйде қалып отыр, нақты шешім қабылданған жоқ. Шешімдер белгілі болғанда, қаржыландыру қандай қаражат есебінен жүргізілетінін анықтаймыз, — деді Арман Қасенов Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Вице-министрдің мәлімдеуінше, АЭС құрылысына шетелдік жабдықты пайдаланған жағдайда экспорттық-несиелік агенттіктер арқылы несие қарастырылуы мүмкін.
— Мысалы, Қытайдан жабдық сатып алса, оны қаржыландырумен Қытайдың «Эксимбанкі» айналысады, Германияда «Гермес» агенттігі, ал АҚШ-та «Эксимбанк» бар. Олар әлеуетті қаржыландыру көзі бола алады. Сонымен қатар, халықаралық даму институттары да қаржыландыруды қамтамасыз ететін ықтимал көзі ретінде қарастырылады. Жалпы әлемдік тәжірибеде электр энергетикасы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жобалар тәуекелі төмен саналады. Мұнда қаржының табылатынына және оның тиімді шартпен ұсынылатынына ешқандай күмән жоқ, — деп түсіндірді министрдің орынбасары.
Айта кетейік, Үкімет алғашқы атом электр стансасын Алматы облысының Жамбыл ауданы аумағында салу туралы шешім қабылдады.
Премьер-министр Олжас Бектенов АЭС салуда экономикалық тиімділікті қамтамасыз ету қажет екенін айтқан болатын.
Сондай-ақ Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев алғашқы атом электр стансасының құрылысы қашан басталатынына қатысты пікір білдірген еді.