Еліміз бойынша 3091 сынып қашықтан оқуға көшірілген

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда жіті респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) мен тұмау бойынша жағдай қалыпты. Бұл туралы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы Жанерке Төлеуғалиева баяндады.

онлайн обучение
Фото: pixabay.com

Оның айтуынша, комитет инфекциялар бойынша күнделікті мониторинг жүргізіп отыр.

– Соңғы тәулікте ЖРВИ жұқтырудың 74 мыңнан астам жағдайы тіркелді. 1 қыркүйектен бері 1 млн 731 мың жағдай анықталды. Бұл өткен маусыммен салыстырғанда шамамен 5%-ға төмен, – деді ол «Bugin LIVE» бағдарламасы барысында. Маусым басталғалы тұмаудың 1031 зертханалық расталған жағдайы тіркелген. Оның ішінде H3N2 – 1028, H1N1 – 3 жағдай.

Төлеуғалиева мектептердің оқу форматына қатысты да түсініктеме берді.

Оның айтуынша, елде жаппай онлайн оқуға көшу жоспары жоқ, алайда жағдайға байланысты шектеу шараларын қолдану мүмкіндігі қарастырылған.

– Егер мектептегі жалпы аурушаңдық 30%-ға жетсе, мектепте оқыту тоқтатылады. Бір сыныпта көрсеткіш 30%-дан асса, сол сынып қашықтан оқуға жіберіледі, – деді сарапшы.

Қазіргі таңда республика бойынша 3091 сынып – 30%-дан жоғары аурушаңдыққа байланысты қашықтан оқуға көшірілген. 191 сыныпта 30%-ға дейінгі деңгей тіркелгендіктен, кабинеттік жүйе уақытша алынып, қозғалыс азайтылған форматта білім алып жатыр.

Айта кетейік, ЖРВИ-дің асқынғанын қалай білуге болатынын жазған едік.

Камила Мүлік

 

Соңғы жаңалықтар