Еліміз дәрілік заттардың импортына батып барады - депутат

АСТАНА. KAZINFORM — Дәрілік заттар мен медициналық заттардың отандық өндірісінің үлесін 50 пайызға жеткізу міндеті орындалмауы мүмкін. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Асхат Аймағамбетов айтты.

Асхат Аймагамбетов
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

- Отандық фармөндіріс және ғылымға тоқталсақ, миллиардтар иллюзияға кетіп жатқан жоқ па? Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың отандық өндірісінің үлесін 50 пайызға дейін жеткізу міндетін қойды. 2024 жылы ол тек 15 пайызды құрады. Біз импорт теңізіне батып барамыз. Дәрілердің 84 пайызын шетелден әкелеміз. 89 отандық өндірушінің тек 2 пайызы дәрі шығарады, ал қалғандары маска немесе шприц сияқты медициналық заттарды өндіреді екен. Осындай жұмыспен, жыл соңына қарай қойылған мақсатқа жету мүмкін емес, - деді А. Аймағамбетов палата отырысында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесіне жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесін талқылау кезінде.

Оның айтуынша, отандық өндірушілерді қолдауға қомақты ақша жұмсалып жатыр. Бұл миллиардтаған субсидиялар, жеңілдікпен несие беру, кедендік преференциялар, салықтан босату, сондай-ақ ұзақ мерзімдік тұтыну туралы шарттар қамтылған.

- Осындай қолдау көрсете отырып, біз қандай пайда көріп отырмыз? Оған қоса, бұл өнімдерде отандық экономика үлесі де аз, қағаз да, шыны да көбінесе сырттан келеді деген ақпарат бар. Сонда миллиардтардтаған субсидиялар мен қолдауымыз жасанды, иллюзиялық өндіріске кетіп жатқан жоқ па? Әлі күнге дейін локализация деңгейі белгісіз, қандай субстанция шекара арқылы кіріп жатқаны да бізге түсініксіз. Инвестициялық келісімшарттар бойынша да сұрақ көп. Оларды белгілі бір уақыт өткен сайын жаңартып, инвесторлардың міндеттемелерін нақты көрсету керек, - деді депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов Қазақстанда азаматтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесіне жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесін жариялады.

Сонымен қатар Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Асхат Аймағамбетов Қазақстанда дәріні тіркеу үшін өте күрделі бюрократиялық рәсімдерден өту керек екенін айтып, осы саланы сынға алды. 

Соңғы жаңалықтар