Еліміз көмір делдалдарымен қалай күресіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі көмірді заңсыз сататын делдалдармен қалай күресіп жатыр? Бұл сауалды Өнеркәсіп комитетінің көмір өнеркәсібі басқармасының басшысы Жанат Игісіновке қойған едік.

- Делдалдармен күресу үшін арнайы Үкіметтің қаулысы бар. Бірақ араларында тапқыр, қу делдалдар да бар. Олар көмірді темір жол арқылы сыртқа шығарды, оған тосқауыл қою үшін Үкіметтің қаулысы шықты. Ол бойынша тек қана жер қойнауымен айналысатындар, яғни көмір өндірушілерге лицензия беріледі. Олар қанша тонна көмір экспорттайтынын және қай елге шығаратынын айтады, сол көлемде тиісінше лицензия беріледі, - деп жауап берді Жанат Игісінов елордада өткен VI көмір өнеркәсібі форумы аясында агенттік тілшісіне.
Оның айтуынша, шекарадан тек лицензиясы бар көмір тасушыларды ғана өткізеді.
- Сондықтан делдалдарға толық тосқауыл қойылды деуге болады, - деп қысқа қайырды министрлік өкілі.

Айта кетейік, бүгін Астанада VI көмір өнеркәсібі форумы өтті.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгінде елімізде 33 млрд 600 млн тонна көмір қоры бар. Қазақстан көмір қоры бойынша әлемде алғашқы 10 елдің қатарына кіреді.