Еліміз көмір өндіруден он ірі елдің қатарына кіреді

АСТАНА. KAZINFORM – Ақордада өткен салтанатты жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көмірсутегі дүние жүзінің энергетика нарығында, сәйкесінше, Қазақстанның энергетика саласында бұрынғыдай басты рөлге ие бола беретінін айтты.

Богатырь Көмір
Фото: Валерий Бугаев

Президенттің пікірінше, әлемдегі мұнай-газ саласы көптеген мемлекет пен белгілі сарапшылардың жіті бақылауында. Саланың келешегі оның жаһан экономикасының даму перспективасына ықпал етуі тұрғысынан талқыланып жатыр.

– Менің пайымдауымша, көмірсутегі дүние жүзінің энергетика нарығында, сәйкесінше, Қазақстанның энергетика саласында бұрынғыдай басты рөлге ие бола береді. Бірқатар елдің, соның ішінде еуропалық мемлекеттердің тәжірибесі көрсеткендей, балама қуат көзі қажеттілікті толық өтей алмайды. Бұдан бөлек, өнеркәсіпте, соның ішінде электр стансаларының құрылысында көмірді залалсыздандыратын озық технологияны пайдалануға баса мән беру қажет. Қазақстанның энергия балансында көмірдің үлесі 70 пайызға жуық екені мәлім. Еліміз көмір өндіруден он ірі елдің қатарына кіреді. Бұл артықшылықтан бас тартпаған жөн. Керісінше, оны тиімді пайдалану керек, – деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы мұнай-газ саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.

Соңғы жаңалықтар