Елімізде 12 мың шақырым инженерлік желі жөнделеді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда коммуналдық және энергетикалық желілерді жаңғыртуға 13 трлн теңге жұмсалады, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Президент тапсырмалары аясында 2024 жылғы желтоқсанда қабылданған «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы ауқымды жөндеу науқаны мен инфрақұрылымды жаңартудың негізгі бастау нүктесіне айналды.
— Құжат жеңілдетілген қаржыландыруды тартуға бағытталған және 200-ден астам инфрақұрылымдық кәсіпорындарды қамтиды. 2025–2029 жылдарға жоспарланған инвестициялардың жалпы көлемі 13 трлн теңгені құрайды. Оның ішінде 6,8 трлн теңге коммуналдық секторға, 6,2 трлн теңге энергетика саласына бағытталады. Жобаның негізгі көрсеткіші — желілердің тозу деңгейін 40%-ға дейін төмендету, бұл апаттар санын 20%-ға қысқартуға мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.
2025 жылы жобаны жүзеге асыруға 547 млрд теңге бағытталды. Осы қаражат есебінен 6,6 мың шақырым инженерлік желі жөнделіп, бұл 8 табиғи монополия субъектісін желілердің тозуы бойынша «қызыл аймақтан» шығаруға мүмкіндік берді. Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласында 5 ірі жобаны жүзеге асыру аяқталды. Рәсімдерді автоматтандыру және инвестициялық іс-шараларды іріктеу үшін Электрондық сатып алу платформасы іске қосылып, Үкімет жанынан Жобалық офис құрылды.
Инфрақұрылымды жаңарту жұмыстарының жалғасы ретінде электрмен және жылумен жабдықтау салаларындағы нақты жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударылып отыр. Бүгінде Энергетика министрлігі жалпы құны 990,9 млрд теңге болатын 393 жобаны жүзеге асыруды қолдады. Олардың жалпы ұзындығы шамамен 12 мың шақырымды құрайды. Оның ішінде:
— электрмен жабдықтау саласында жалпы құны 541,7 млрд теңге болатын, жалпы ұзындығы 11 714 шақырымды құрайтын 256 жоба жүзеге асырылуда;
— жылумен жабдықтау саласында жалпы құны 449,2 млрд теңге болатын, жалпы ұзындығы 314 шақырымды құрайтын 137 жоба жүзеге асырылуда.
2026 жылға 1,1 трлн теңге көлемінде қаржыландыру көлемі бекітілді. Жоспарда — 12 мың шақырым желіні жөндеу, тағы 8 кәсіпорынды тәуекел аймағынан шығару және Smart Turmys цифрлық платформасын толық ауқымда енгізу.
Бұдан бөлек, отандық тауар өндірушілерді қолдауға да басымдық берілді: 2029 жылға дейін олардың өнімдеріне деген қажеттілік 2 трлн теңге көлемінде бағаланады, ал E-Ondiris платформасында бүгінде 492 отандық кәсіпорын тіркелген.
Осыған дейін хабарланғандай, 2027 жылы Қазақстанда 845 МВт жаңа энергетикалық қуат іске қосылады.