Қазақстанда 131 Отбасын қолдау орталығы бар

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде биыл 45 мыңнан астам адам Отбасын қолдау орталықтарының көмегіне жүгінген, деп хабарлайды Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.

отбасы
Фото: ӨзА

— Министрлік назарындағы маңызды бағыттардың бірі — отбасы институтын нығайту және отбасылық қиындықтардың алдын алу. Осы мақсатта Отбасын қолдау орталықтарының желісі 33-тен 131-ге дейін көбейді, — делінген ақпаратта.

Бір жыл ішінде Отбасын қолдау орталықтарына өмірлік қиын жағдайға тап болған 45 мыңнан астам қазақстандық жүгініп, құқықтық, психологиялық және әлеуметтік кеңес алды. 15,4 мың отбасыға кешенді көмек көрсетілді.

Сонымен қатар биыл ОҚО-лар арнайы әдістеме бойынша некеге тұруға өтініш берген азаматтарға тегін кеңес беру мен оқытуды бастады. Қазіргі кезде өңірлерде 300-ден астам жұп оқу бағдарламасын сәтті аяқтады.

— «Бақытты отбасы» жобасы ажырасқан отбасылардың қайта татуласуына ықпал етті. 2024 жылы істердің 37,5%-ы татуласумен аяқталған, бұл кеңес беру және медиация шараларының тиімділігін дәлелдейді. Некеге дейінгі кеңес беру пилоттық жобасы оң нәтиже беріп, барлық өңірде кеңінен енгізу жоспарланған, — деп қосты министрліктің баспасөз қызметі.

«Ата-аналар академиясы» және «Saulyq Life» жобалары жауапты ата-ана мәдениеті мен салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етті.

Отбасылық құндылықтарды дәріптеу мақсатында жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы өткізіледі. Байқау ұйымдастырылған жылдарда 20 мыңнан астам қазақстандық отбасы қатысты.

Қазақстан Республикасындағы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелеріне арналған Ұлттық баяндама әзірленді.

Гендерлік саясатты іске асыру саласында Қазақстан әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою және теңдікті нығайту бағытын ұстануды жалғастырады. Гендерлік стереотиптерді жою, құқықтар мен заңды мүдделерді қорғау тәсілдері бойынша оқыту іс-шаралары тұрақты түрде өткізіледі. Мәселен, «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» акциясы аясында елдің барлық ірі оқу орындарында студенттерге арналған цифрлық қауіпсіздік және зорлық-зомбылықты тоқтату тақырыптарында семинарлар ұйымдастырылды, оның ішінде ақпараттық кеңістіктегі қауіптер де қамтылды. 

Сондай-ақ әйелдер көшбасшылығы бойынша семинарлар да ұйымдастырылып тұрады. Атап айтсақ, «Томирис» ақпараттық-білім беру бағдарламасы және өзге де алаңдар жұмыс істейді.

Жас ғалымдар үшін Қазақстан қоғамдық даму институты мен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының сайттарында жастар, отбасы және гендерлік саясат салаларындағы өзекті зерттеулер қолжетімді. 

Жуырда Ақтау қаласында отбасы институтын нығайту мақсатында ауқымды аймақтық форум өтті.

Соңғы жаңалықтар