Елімізде 2029 жылға қарай полиэтилен мен бутадиен өндірісі іске қосылады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда 2029 жылға қарай ірі мұнай-газ химиясы жобаларын іске қосу жоспарланып отыр. Олардың қатарында полиэтилен, бутадиен және карбамид өндіретін кәсіпорындар бар

бутадиен
Фото: Энергетика министрлігі

Бұл туралы Астанада өткен «Орталық Азия мен Каспий өңірінің мұнай-газ химиясы және мұнай өңдеуі» атты 13-ші бизнес саммит аясындағы пленарлық сессияда айтылды.

Энергетика министрлігінің Мұнай-газ химиясы департаментінің директоры Темірлан Үркімбаевтың айтуынша, мұнай-газ химиясы — өңдеуші өнеркәсіпті дамытудың перспективалы бағыттарының бірі.

Саланы дамыту мақсатында Энергетика министрлігі 2024 жылғы қазанда 2024–2030 жылдарға арналған мұнай-газ химиясы өнеркәсібін дамыту жөніндегі жол картасын бекіткен. Құжат алты негізгі бағыт пен 34 іс-шараны қамтиды.

Жол картасы аясында жалпы инвестиция көлемі шамамен 12 млрд доллар болатын бес ірі жобаны іске асыру көзделген. Олардың жүзеге асуы нәтижесінде 20 мыңға дейін тұрақты және уақытша жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Сонымен қатар шикізатты ішкі тұтыну көлемін ұлғайтып, өндіріс пен экспорттық әлеуетті арттыру жоспарланып отыр.

Полиэтилен зауыты 2029 жылы іске қосылады

Қазақстанда жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Кәсіпорынды 2029 жылы пайдалануға беру жоспарланған.

Оған қажетті шикізатты қамтамасыз ету үшін газ сепарациялау кешені де салынып жатыр. Оның құрылысы да 2029 жылы аяқталуға тиіс.

Бұдан бөлек, елімізде жылына 339 мың тоннаға дейін бутадиен және 880 мың тонна карбамид өндіретін жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Қазірдің өзінде Қазақстанда жылына 500 мың тонна полипропилен өндіруге қауқарлы «Kazakhstan Petrochemical Industries» кәсіпорны жұмыс істейді. 2025 жылы зауыт 375 мың тонна өнім өндірген.

Министрлік мұнай-газ химиясы саласында шикізатты өндіруден бастап, базалық мұнай-химия өнімдерін шығаруға және оларды одан әрі өңдеуге дейінгі толық өндірістік тізбек қалыптасып келе жатқанын атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін Түркістанда полиэтилен қаптама өнімдерін және скотч өндіретін зауыт ашылғанын хабарлаған едік.