Елімізде 6 жаңа кәсіби мереке пайда болады

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-Министрдің орынбасары — Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің «Кәсіби мерекелердің тізбесін бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер енгізіледі. Құжат Ашық НҚА порталында жарияланды.

кәсіби мерекелер
Фото: Kazinform

Бұйрық жобасына сәйкес, кәсіби мерекелер тізбесіне Қазақстан кәсіпкерлері күні, Қазақстанның қолөнершілер күні, Табиғи монополиялар саласы жұмыскерлерінің күні, Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жұмыскерінің күні, Кадр қызметі жұмыскерлерінің күні, Қоғамдық тамақтандыру саласының жұмыскері күні атты жаңа кәсіби мерекелер енгізіледі. Сондай-ақ Энергетик күнін мерекелеу желтоқсанның үшінші жексенбісінен 22 желтоқсанға өзгертіледі.

Еске сала кетейік, былтыр ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ведомство басшысының 8 жаңа кәсіби мерекені бекітуді көздейтін бұйрығының жобасы негізігінде елімізде жаңа кәсіби мерекелер пайда болған еді.

Аталған құжатқа сай:

– 28 қаңтар – қаржылық мониторингі органдарының күні;

– шілденің бірінші жексенбісі – теңіз және өзен көлігі қызметкерлерінің күні;

– тамыздың бірінші жексенбісі – теміржол көлігі қызметкерлерінің күні;

– қыркүйектің екінші жексенбісі – бақылау өлшеу аспаптары және автоматика саласы қызметкерлерінің күні;

– 2 қазан – Қазақстан Республикасының техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру қызметкерлері күні;

– қазанның соңғы жексенбісі – автомобиль көлігі қызметкерлерінің күні;

– 10 қараша – бухгалтерлік есеп және аудит саласы қызметкерлерінің күні ретінде ұсынылды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жарияланды.

Соңғы жаңалықтар