Елімізде 62 трлн м³ газ бары болжанған — «QazaqGaz» басшысы қытайлық компанияларды инвестор болуға шақырды

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде 62 трлн м³ газ ресурсы бар деп болжанған және газ бассейндерінің тек үштен бірі зерттелген. Бұл туралы ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жәркешов айтты.

Елімізде 62 трлн м³ газ бары болжанған — «QazaqGaz» басшысы қытайлық компанияларды инвестор болуға шақырды
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

— Қазақстанда шамамен 4 трлн м³ өндіруге дайын газ қоры бар, сондай-ақ шамамен 62 трлн м³ газ ресурсы бар деп болжанған. Қазақстан аумағындағы 15 шөгінді бассейннің тек үштен бірі ғана зерттелген. Орасан зор әлеует әлі де ашылған жоқ, — деді ол Power Central Asia + China алғашқы өңірлік энергетикалық форумында сөйлеген сөзінде.

Сондай-ақ «QazaqGaz» басшысы қытайлық компанияларды Қазақстан жеріндегі кен орындарын игеруге шақырды.

— Қазіргі уақытта Каспий теңізінің қайраңында да, құрлықта да ашылған бірқатар газ кен орындары бар. Олар әлі күнге дейін игерілмеген және өз уақыты мен инвесторын күтіп жатыр. Осыған байланысты біз қытайлық және Орталық Азия компанияларын бұл жобаларға инвестиция салып, бірлесіп жұмыс істеуге шақырамыз. Бұл жобалар Қазақстанның ішкі нарығына да, көршілес елдерге де газ жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — деді Санжар Жәркешов.

Одан бөлек, спикер Қазақстанда алғашқы мұнай 125 жыл бұрын алынғанын және еліміздің трансұлттық компаниялармен жұмыс істеуде санжылдық тәжірибесі бар екенін атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Power Central Asia + China алғашқы өңірлік энергетикалық форумы аясында қандай қандай коммерциялық құжаттарға қол қойылатынын айтты.

Соңғы жаңалықтар