Елімізде 900 мың тоннадан астам картоп жиналды
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан өңірлерінде картоп жинау науқаны қарқынды жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күнге 907 мың тонна өнім жиналды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі мәліметінше, өңірлерге қарай алқаптардағы баға келісіне 90-нан 120 теңгеге дейін өзгеріп отыр. Биыл ұйымдасқан шаруашылықтарда картоп егістігінің көлемі 11 мың гектарға ұлғайып, жалпы өнім көлемін 2,7 млн тоннаға жеткізу жоспарланған. Бұл ішкі нарықтың жылдық қажеттілігінен (шамамен 2 млн тонна) айтарлықтай жоғары.
— Болжам бойынша өнім мол болады. Мұндай көлемде ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге еш қауіп жоқ. Сондықтан 28 шілдеде картоп экспортына қойылған барлық шектеулер алынды, — деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков.
Бөлшек саудадағы орташа баға да төмендеп жатыр. Статистика деректеріне сәйкес, 2 қыркүйекте ел бойынша картоптың орташа бағасы келісіне 194 теңге болды. Бұл көрсеткіш бір апта бұрынғыдан 3,9 %-ға төмен.
Экспорт бағытында да оң динамика байқалады. Тамыз айында фитосанитарлық сертификаттарды рәсімдеуде туындаған техникалық мәселелер шешімін тапты. 4 қыркүйектегі жағдай бойынша Өзбекстанға жөнелтілген 8,7 мың тонна картопқа құжаттар рәсімделді.
— Биылғы экспорттық әлеует 450 мың тонна және оның ішкі нарыққа еш әсері болмайды, — деп түйіндеді Ербол Тасжүреков.
Картоп бағасы көктемде 185 теңгеден аспайтынын жазған едік.