Елімізде адам ағзаларын саудалаумен айналысқан әйел Польшада ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM — Адам ағзаларын саудалаумен айналысқан халықаралық қылмыстық топтың қызметіне қатысы бар деп айыпталған 35 жастағы әйел ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Преступление Қылмыс наручники задержания Кісен ұсталды МВД РК ҚР ІІМ
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Құқық қорғау органдары ҚР Ішкі істер министрлігінің Интерпол Ұлттық орталық бюросының сұранысы бойынша Польша құқық қорғау органдары Украина-Польша шекарасындағы теміржол өткізу пунктінде 35 жастағы әйелді ұстады. Ол Қазақстан құқық қорғау органдары тарапынан 2020 жылдан бері халықаралық іздеуде болған.

адам ағзасын саудалаумен айналысқан әйел ұсталды
Фото: Kazinform

— Ұсталған азамат адам ағзаларын саудалаумен айналысқан халықаралық ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметіне қатысы бар деген күдікке ілінген. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 2017-2018 жылдары бұл қылмыстық топ Қазақстандағы медициналық мекемелерде заңсыз трансплантация операцияларын ұйымдастырған. Қылмыстық схемаға Израиль, Украина, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан азаматтары тартылған. Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, күдікті донорлар мен реципиенттерді қарсы алып, орналастыру, олардың медициналық тексерістен өтуін ұйымдастыру, шығындарын өтеу және құпиялылықты сақтау жұмыстарымен айналысқан. Сондай-ақ донорларға реципиенттермен туыстық байланыстары туралы жалған ақпаратты жаттатқызған. Қазіргі уақытта ұсталған күдіктіні Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр. Тергеу амалдары жалғасып жатыр, — делінген хабарламада.

Осыған дейін Түркістан облысында экстремистік материалдарды таратқан топ ұсталғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар