Елімізде ағаштың кей түрлерін экспорттауға тыйым салынуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда ағаш материалдарының жекелеген түрлерін ел аумағынан әкетуге алты ай мерзімге тыйым салу жоспарланып отыр.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тиісті бұйрық жобасын жариялап, 4 желтоқсанға дейін қоғамдық талқылауға ұсынды.
Құжатта шығарылған еліне қарамастан, тауарлардың жекелеген түрлерін Қазақстан аумағынан әкетуге тыйым салу көзделген.
Шектеу ЕАЭО Сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасы (СЭҚ ТН) бойынша 4401, 4403, 4404, 4406 және 4407 кодтарына жататын тауарларға қатысты болады.
Сонымен қатар, бірқатар ерекшелік қарастырылған. Атап айтқанда, тыйым теміржол және трамвай жолдарына арналған қылқан жапырақты ағаштардан жасалған ағаш шпалдарға, сондай-ақ, Қазақстанда өндірілген ағаш түйіршіктеріне (пеллеттерге) қолданылмайды.
Бұйрық жобасында атап өтілгендей, бұл бастама отандық ағаш өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған.
Құжат Қазақстан Республикасының заңнамасына және Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың нормаларына сәйкес әзірленген.
Айта кетейік, бұған дейін Оралда Жайық жағалауындағы ағаштар неліктен кесіліп жатқанын жазғанбыз.
Одан бөлек, Павлодар облысында отындық ағаш қанша тұратынын жариялағанбыз.